«Халықтық құрылыс»: Құрылыс нысандары тексерілді
#qyzylordatv
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтық құрылыс» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен өңірдің өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағының жұмысы қаралды. Мұнда авиацияға қызмет көрсетуге – 50 гектар, қоймалау және сақтауға – 100 гектар, өнеркәсіптік мақсаттарға 400 гектар жер қарастырылған. Қазір инженерлік инфрақұрылым тарту және құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Бұдан кейін Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылыс алаңында болды. «Астана» шағын ауданы мен Президент саябағын байланыстыратын көпірдің ұзындығы – 319 метр, ені – 12 метр. Құрылыс жұмыстарын «Әлем Құрылыс» серіктестігі жүргізуде. Жоба аясында ені 3 метрлік жаяу жүргіншілер жолы және екі жағынан әрқайсысының ені 1,5 метр болатын веложолақ салынады.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес Қызылордада 600 мың кітап қорын сақтауға арналған Президенттік кітапхананың құрылысы басталды. Заманауи үлгіде бой көтеретін ғимаратта конференция, архив және сирек қор залдары, электрондық кітапхана, медиалаборатория, балалар аймақтары, коворкинг, фудкорт, қалпына келтіру шеберханасы мен типография орналасады. Маңызды нысанның тағы бірі - 700 көрерменге арналған жаңа драма театрдың құрылысы. Жобаның жалпы құны – 34,4 млрд теңге. Премьер-министрдің бірінші орынбасары құрылыстың сапалы болуына мән беру керектігін тапсырды
Өңірде бұқаралық және кәсіби спортты дамыту мақсатында құны 20,5 млрд теңге болатын «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынуда. Тоғыз блоктан тұратын кешенде олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары қарастырылған. Бұдан бөлек, 300 орындық конференция залы болады. Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, сыртқы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Кешен жақын арада пайдалануға берілмек. Аймақта медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – ауысымына 500 келушіге қызмет көрсететін заманауи емхана. Медициналық мекемеде бірнеше бағыттағы бөліммен қатар 50 төсектік күндізгі стационар жұмыс істейді. Ал бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы Инфрақұрылымдық даму қоры арқылы республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Жоба бойынша құрамында қабылдау, реанимация, химиотерапия, операция, радиология, емхана, пансионат, физиотерапия және басқа да бөлімдер орналасады.
Сондай-ақ Титов шағын ауданындағы 400 келушіге арналған №5 емхананың құрылысы жалғасуда. Ғимарат құрылысына 9,7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу және инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.