Негізгі Жаңалықтар Күрежолды жаңғырту жұмыстары аяқталды

Күрежолды жаңғырту жұмыстары аяқталды

#qyzylordatv 

Жұртшылық көптен күткен «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Осылайша еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстыратын бағыт бойынша жол жүру уақыты екі есе қысқарып отыр. Дәл бүгін аталмыш күрежолдың Ұлытау облысы аумағындағы 208 шақырымға созылған соңғы учаскесінде көлік қозғалысы ашылды. 


 Жалпы, жаңғырту жұмыстары 425 шақырымға жүргізілді. Соның 216 шақырымы Қызылорда облысы аумағына тиесілі. Аталмыш жолдың Сыр өңіріндегі бөлігі осыдан тура бір жыл бұрын пайдалануға берілген еді. Енді міне Ұлытау облысында да ауқымды жоба толыққанды аяқталып отыр. Айта кетерлігі, президент тапсырмасымен жүзеге асқан бастама аясында 650 мың тонна ұсақталған тас пен құм қоспасы қолданылып, 1 жарым миллион тоннаға тарта асфальтбетон төселді. Сондай-ақ, 4 көпір 80-ге жуық су өткізу құбыры мен мал айдап өтуге арналған 18 өткел салынған. Жалпы құрылыс жұмыстары кезінде мыңнан астам маман мен 800 техника жұмылдырылды. Бұл ұзақ жылдар бойы күрмеулі көлік бағыттарының бірі болған еді. Енді оның қайта жаңғыртылуы өңірлер арасындағы қатынасты нығайтып, жүк тасымалының артуына серпін бермек.

Бөлісу