Негізгі Жаңалықтар «Мерейлі отбасы - 2026»: Байқау жеңімпаздары марапатталды

«Мерейлі отбасы - 2026»: Байқау жеңімпаздары марапатталды

#qyzylordatv 

Аймақта «Мерейлі отбасы - 2026» ұлттық конкурсының облыстық кезеңі аяқталды. Отбасы құндылығын дәріптеп, шаңырақты шаттыққа бөлейтін, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін байқауға биыл 220 отбасы қатысқан. Өнегелі әулеттердің арасынан үздіктері анықталып, облыс әкімінің қатысуымен өткен салтанатты шарада марапатталды. 


 Атаның ақылын, әженің өсиетін тыңдап, әкенің қасиетін, ананың жүрек жылуын сезініп өскен баланың болашағы жарқын болары хақ. Себебі, отбасы – тәрбие ошағы, ең үлкен тағылым мектебі. Қазіргі күні аймақта отбасы институтын нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіне жіті көңіл бөлу, жастардың терең біліп алып, шығармашылықпен, спортпен айналысуына барынша мүмкіндік жасалуда. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 


МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ 

Өңірімізде әр отбасының әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда облысымызда 17 500-ге жуық көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие болуда. Оларға мемлекеттік жәрдемақылар төленіп, мұқтаж отбасыларға жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспана берілуде. Соңғы 4 жылда облысымызда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді//


 «Мерейлі отбасы» байқауына биыл барлығы 220 отбасы қатысуға өтініш білдірген. Солардың арасынан үздіктері іріктеліп, облыстық кезеңге жолдама алды. Соның ішінде 12 әулет түрлі номинациялар бойынша марапатталды. 


 ӘМІРБЕК ШАХМАРАНОВ, «БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ

 Фермада 36 жыл шопыр болып жұмыс істедім Тасарықта. Малды көбейттік. 59 жылы үйлендім, тоғыз балалы болдық. Әйелім 47 жасында қайтыс болды. 5 қыз, 4 ұл бәрін өсіріп, үйлендірдім. 38 немерем, қырықтай шөберем бар.. 


 Тағылымды тәрбиесімен, өнегелі ісімен, тындырымды тірлігімен елге үлгі болып отырған жарасымды жанұяларды дәріптеу мақсатындағы байқауда қызылордалық Бимұратовтар отбасы жүлделі үшінші орынға ие болды. Ал, Қазалы ауданынан келген Досхожаевтар екінші орын алса, шиелілік Бәкіровтер бірінші орынға лайық деп танылды. «Мерейлі отбасы - 2026» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде Арал ауданынан қатысқан Құтмамбетовтер отбасы бас жүлдені жеңіп алды. 


 Әулеттің үлкені Ханкене Құтмамбетов тыл ардагері, Арал ауданының Жамбыл колхозында бас есепші қызметін атқарған. Ал, отанасы Үрімжан Құтмамбетова 9 құрсақ көтеріп, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған. 


 ХАНКЕНЕ ҚҰТМАМБЕТОВ, ТЫЛ АРДАГЕРІ 

Мерейлі отбасына келіп, тіршіліктің бір жақсы қызығына қанығып отырмыз. Өмірдің қызығы бірінші бала дейдіғой. Баланы өсіріп, жасынан бастап тәрбиелеуіміз керек. Оқуға баулуымыз керек. Оқып бітіргесін балдар үлкен әке-шешесіне қамқорлық жасап, соларға көңіл бөлу керек. Сол тәрбиені балдарымызға беріп жатырмыз. 35 немереміз, 47 шөбереміз бар. Солардың қызығын көріп отырмыз


ҮРІМЖАН ҚҰТМАМБЕТОВА, БАТЫР АНА 

Атаңмен қосылғаныма қазір 72 жыл болды. Содан бері тату-тәтті келе жатырмыз. Жаман емеспіз, бала-шағаны өсірдік. Сөйтіп өнегемізді көрсетіп отырмыз. ....


 Облыстық байқаудың жеңімпазы Құтмамбетовтер әулеті енді «Мерейлі отбасы - 2026» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінде бақ сынайтын болады. 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар