«Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті
#qyzylordatv
Сыр өңірінде дәстүрлі “Анаға тағзым” ІІІ республикалық форумы ұйымдастырылды. «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» атты ауқымды жиынға 150-ден астам ана қатысты.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Отбасының алтын қазығы, ұлттың ұйытқысы саналатын аналар бүгінде түрлі саланы ұршықша иіріп, ел дамуына үлес қосып жүр. Дегенмен аналардың ең маңызды міндетінің бірі - бала тәрбиесі. Қазіргідей жер жаһанда интернет жайлаған цифрлық дәуірде ұрпақ тәрбиесі қандай болуы керек? Ұлттық болмыс пен заманауи технологияны қалай үйлестіреміз? Аналар басқосқан алқалы жиында осы сұрақтар кеңінен талқыланды.
Форумда түрлі саланы игерген әйелдер қауымы тәжірибесімен, құнды кеңестерімен бөлісті. «Бүгінгі балалар өте ақылды. Сондықтан соған сай аналар білімді әрі сауатты болуы қажет. Білімділік деген әріп тану, сауаттылық – айналадағы процестерді түсіну, жаңа дүниені үйрену» дейді Назипа Шанаи.
НАЗИПА ШАНАИ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ
Бүгінгі ана педагог, бүгінгі ана психолог, бүгінгі ана ІТ технологияларды білетін, киберқауіпсіздікке қарсы тұра алатын ана болуы керек. Сондықтан міндеті үлкен. Бүгінгі аналарға көмек керек. Бұл орайда Қызылорданың тәжрибесін өзге өңірлерге тарату қажеттілігі бар.
Иә, жыл өткен сайын ананың рөлі бұрынғыдан да жауапты бола түскендей. Баланың дені сау, білімді, тәрбиелі болуымен қатар, қауіпсіз ортада өсуі тікелей әке мен ананың жауапкершілігінде. Форумда аймақ басшысы «Бүгінгі заманғы ана тек тәрбие беруші ғана, баланың цифрлық әлемдегі санасын қалыптастыратын, ақпараттың ағыны, жалған мен шынайының арасын ажыратып, дұрыс бағыт беретін рухани бағдаршам» екенін айтты.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы атап өткендей анаға деген құрмет ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан асыл құндылықтың бірі. Отбасы – ұлттың түп қазығы, ал ана сол шаңырақтың шайқалмас тірегі. Еіліміздің барша аналарының құрметіне арнап салынған «Анаға тағзым», жас отбасылардың бақыт мекеніне айналған «Отбасы орталығы» ел игілгіне қызмет етуде.
«Қандай дәуірде болсын, ананың рөлі ешқашан өзгеріске ұшырамайды. Бірақ заман ағымына сәйкес анаға қойылатын талап та өзгереді дейді» қазаққа Димаштай ұлды сыйлаған Светлана Айтбаева.
СВЕТЛАНА АЙТБАЕВА – АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ Баланың дамуы анасына байланысты. Ана баласымен бірге іздініп, оқып, білімді болы керек. Бірнеше тіл білуі керек. Баласына көмектесуі үшін осының бәрі қажет. Дегенмен өзінің ұлттық, адами, аналық болмысынан ажырамауы қажет. Ана қандай болады, ұрпақ дәл сондай болады. Ана қай тілде сөйлейді, ұрпақ сол тілде сөйлейді. Ана сауатты, ана білімді болса, баласы да дәл айна, көшірме секілді, сауатты білімді болып шығады.
Бүгінде замана өзгерісіне әйел-аналар тез бейімделді. Бесіктегі баламен үйде отырса да, интернет арқылы кәсіп бастап, көштен қалмаудың қамын жасап, өзін дамытудың жолын қарастыруда. Тіпті ғылым мен техниканың тілін тез меңгерді. Бүгінде еліміздегі ғалымдардың жартысынан астамы да нәзік жан.
Бүгінде аймақта 160 мыңнан астам отбасы болса, оның ішінде 48 мыңнан астамы көпбалалы. Ал 17 мыңнан астам ана «Алтын» және «Күміс» алқа иегері. Айта кетейік, форумның пленарлық отырысы түстен кейін секциялық жиындарға жалғасып, спикерлер ұлттық тәрбие, цифрлық дәуірдегі ананың жауапкершілігі, салауатты ана, сау бала тақырыптарын талқылады. Алқалы жиында айтылған әрбір мәселе мен ұсыныстар жинақталып, мемлекеттік деңгейде көтерілетін болады.