Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!
#qyzylordatv
Қала күніне орай Ақмешіттің аспаны әнге бөленді. «Қайсар арена» стадионында елімізге танымал өнер иелерінің қатысуымен гала концерт өтіп, шаһардың мерейлі мерекесін қызылордалықтар қуанышпен қарсы алды.
Қызылорда – бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған, ұлт тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданған, ел шежіресінде өзіндік орны бар қала. Екі жүз жылдан астам тарихы бар бұл шаһар күн өткен сайын түрленіп, архитектуралық келбеті жаңарып, эстетикалық сұлулығы арта түсуде. Бүгінде облыс орталығында Президенттік кітапхана, драма театр, бірнеше ірі медициналық нысан бой көтеріп, Президент саябағы жанынан жаңа аквапарктің құрылысы басталды. Сондай-ақ, қаланың ол жағалауымен байланыстыратын автожол, ерекше үлгідегі жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жүргізілуде. Ал жыл аяғына дейін «Қызылорда арена» спорт кешені ел игілігіне табысталатын болады.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Бүгінде қаламыз жаңа келбетке ие болып, қарқынды дамуда. Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен ірі инвестициялық жобалар іске асуда. Жаңа өндіріс орындары іске қосылып, тұрғын үйлер мен замануауи әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне қызмет етуде. Биылдың өзінде инклюзивті спорт орталығы, Достық үйі, Құзыреттілік орталығы ашылды. «Айкерім» оқу сауықтыру орталығы, ботаникалық бақ пайдалануға берілді.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Қала күніне орай дәстүрлі түрде өтететін гала концерт – шаһардың тарихын ұлықтап, бүгінгі жетістігін жарқырата көрсететін думанды шара. 11 мың орындық «Қайсар-Арена» стадионы биыл да лық толы. Қала тұрғындарының бірі сүйікті әншісінің өнерін тамашалау үшін, бірі мерекенің атмосферасын отбасымен бірге сезіну мақсатында арнайы келіпті. Биыл ауқымды шарада эстарда өкілдері Қазыбек Құрайыш, Әлем, Кешю, Балжан Бидаш және Сыр таланттары Индира Елубаева мен Үкітай Ерниязов өнер көрсетті.
Қала күнін атап өткен он мыңнан астам қызылордалық бұл күні бір үйдің баласындай қосыла ән шырқады. Өйткені бұл жай ғана концерт емес, шаттық пен бірліктің мерекесі. Бірнеше сағатқа созылған шарадан кейін тұрғындар түнгі қаланы сан түске бояған отшашуды тамашалап, көңілді күйде тарқады.