Негізгі Жаңалықтар Алтын қолды хирург С.Құлсартовтың туғанына 90 жыл толды

Алтын қолды хирург С.Құлсартовтың туғанына 90 жыл толды

#qyzylordatv 

Сыр медицинасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті хирург, денсаулық сақтау саласының ардагері, ғалым Сағымбай Құлсартовтың туғанына биыл 90 жыл. «Алтын қолды хирургті» еске алуға арналған шарада көпбейінді облыстық аурухана қабырғасында ескерткіш тақша ашылып, ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 


 Сағымбай Құлсартов 1936 жылы 26-шы қарашада Ақтөбе облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1961 жылы Ақтөбе қаласындағы №1 медициналық-санитарлық бөлімде хирург-дәрігер болып бастап, төрт жыл қатарынан осы мекемеде қызмет атқарады. 1965 жылы Қызылордаға келіп, облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде хирург-дәрігер, кейін бөлімше меңгерушісі, облыстық хирургтар қоғамының төрағасы болды. Сол жылдары хирургтардың біліктілігін арттыруға, медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге және өңірдегі хирургиялық қызметтің дамуына үлесін қосты. Ал, 1982-2002 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып тағайындалады. Осы уақыт аралығында облыс бойынша емдеу профилактикалық мекемелеріне консультациялық көмек көрсетіп, жоспарлы және шұғыл хирургиялық көмек көрсету үшін аудандық ауруханаларға іс сапармен жиі барды. Сондай-ақ, білікті дәрігердің қатысуымен облыстық онкологиялық орталығында енгізілген асқазанды хирургиялық жолмен алып тастау және асқазанның бір бөлігін алып тастау, тоқішек пен тікішектің бөліктерін резекциялау, ішекаралық безді сылып тастау секілді ота түрлері жасалды. 2005 жылы «Іш және кеуде қуысы ағзаларының хирургиясы» бағыты бойынша біліктілігін арттырып, облыстық көпбейінді аурухананың диагностикалық бөлімшесінде хирург-дәрігер болып жұмыс істеді. Зейнетке шыққаннан кейін де қызметтен қол үзбей, хирургия саласын дамытуға, адам өмірін сақтап қалуға және жас мамандарды тәрбиелеуге көп күш жұмсады. Еткен еңбегінің арқасында ол «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Еңбек Қызыл ту» орденімен, ҚР Үкіметінің «Құрмет» орденімен, Н.Сызғанов атындағы Алтын медалімен, «Алтын дәрігер» кеуде белгісімен, Денсаулық сақтау Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. 

Тағылымды іс-шараға жиналғандар алдымен білікті дәрігердің құрметіне арналған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне куә болды.


 Ескерткіш тақтаның ашылуы – аға буынның өнегелі жолын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа аманат етуге бағытталған маңызды қадам. Себебі, Сағымбай Қарақұлұлының жаңа әдістемелерді тануға талпынысы, эксперимент жасауға деген батылдығы мыңдаған адамның өмірін құтқарды, дейді әріптестері. 


 БОЛАТБЕК БАЙМАХАНОВ – «Н. СЫЗҒАНОВ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ 

Сағымбай Құлсартов өте талантты, дарынды хирург еді. Тек алтын қол емес алтын басты, өте білімді, бүкіл осы жердегі менмін деген хирургтардың ұстазы. Өзінің мектебі құрылды. Үлкен із қалдырды. Көпбейінді облыстық ауруханада құрметіне орай ескерткіш тақта қойылып жатыр. Бұл деген кейінгі жастарға үлгі боларлықтай іс. Ұмытылмау керек. Сағымбай өңірдің емес бүкіл Қазақстан хирургиясының дамуына үлкен үлесін қосты.


 МАРАТ АБДУЛЛАЕВ – МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР 

1982 жылы институтты аяқтап осында келіп, Сағымбай Қарақұлұлының қарамағында хирургия саласында жұмыс істедім. Ол кісі өте дарынды хирург болатын. Сағымбай өте жақсы адам болатын. Бізді тәрбиелеп, бізден дәрігер жасап, үйретіп, көрсетіп, сол кісінің жанында жүргенде көп нәрсені көріп, бірге жұмыс істедік. Ол кісінің түрі, ісі, адамгершілігі әлі көз алдымызда. Денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың барлығы осы Сағымбай ағамыз секілді болуы керек. Ол кісінің бірталай шәкірттері бар. Олар тек Қазақстанда емес шет мемлекеттерде де жұмыс істеп жүр.


Сағымбай Құлсартовты еске алуға арналған шара ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет білікті дәрігердің Сыр медицинасына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, облыс әкімінің арнайы құттықтауын табыстады.


 МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Ақ халатына дақ түсірмеген Сағымбай Қарақұлұлы халықтың алғысы мен құрметіне бөленген жан. Табиғатынан өте қарапайым, ұйымдастырушылық қабілеті өте зор, істің өзім білетін азаматтың артында өшпес із, толымды тірлік қалды.


 Конференция барысында хирургия саласындағы заманауи жетістіктер, күрделі ауруларды емдеудің жаңа тәсілдері мен өңір медицинасын дамытудың перспективалары талқыланды. Сондай-ақ, білікті мамандар тәжірибелерімен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында Сағымбай Құлсартовтың өмірі мен еңбегіне арналған «Ерлікпен өткен егіз ғұмыр» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Бөлісу