Негізгі Жаңалықтар Ғылымға арналған ғұмыр

Ғылымға арналған ғұмыр

#qyzylordatv 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлы 70 жасқа толды. Ғалымның мерейтойына орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылыми кеңесі өтіп, жиында оның қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі ерекше айтылды.


 Зейіні зерек ғалымның зерттеген тақырыбы терең, ғылымға сіңірген еңбегі ерен. Бағдат Кәрібозұлының өмір жолы осы өлшемдермен сабақтас. Ғылыми ізденісін қазақ лирикасының жанрлық сипатын зерттеуден бастаған ғалым 1988 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Ал 1997 жылы «Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты» тақырыбында докторлық жұмысын аяқтады. Бұл – қазақ өлеңінің табиғатын, ұлттық болмысын ғылыми тұрғыдан зерделеуге арналған еңбек болды. Ғылыми кеңес отырысында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. 


 Ғалымның еңбек жолы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен тығыз байланысты. Қарапайым оқытушыдан бастап, факультет деканы, проректор және ғылыми құрылымдардың жетекшісі қызметтеріне дейін көтерілді. Және тек білім берумен шектелмей, ғылыми кадрлар даярлауға және университеттің зерттеу бағыттарын дамытуға атсалысты. 


 Бағдат Кәрібозұлының ғылыми еңбектерінің негізгі арқауы – қазақ әдебиеті, өлең табиғаты, Сыр өңірінің әдеби-рухани мұрасы мен фольклоры. Оның 300-ден астам ғылыми және ғылыми-публицистикалық мақаласы, 10 монографиясы жарық көрген. Ғалымның жетекшілігімен бірнеше буын ғылым кандидаттары, PhD докторлар мен магистрлер даярланды. 

Бағдат Кәрібозұлы өңір руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның бірі. «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы аясында аудандардың тарихын қамтитын еңбектер әзірлеуге астсалысты. Ал «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген 200 томдық жинақ Сыр бойындағы әдеби мұраны жүйелеуге, оны оқырманға кеңінен танытуға бағытталды. Бұл жобалар – өңірдің тарихи жадын, әдеби қазынасын жинақтап, келешекке жеткізу жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.


Алқалы жиында әріптестері мен ғалымдар Бағдат Кәрібозұлының еңбегіне тоқталып, сый-құрметін көрсетті. Шынында Бағдат Кәрібозұлы зерттеуші ретінде қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне үңілді. Ұстаз ретінде мамандар тәрбиелесе, ұйымдастырушы ретінде өңірдің әдеби-тарихи мұрасын жинақтауға бағытталған жобаларға жетекшілік етті. Міне бұл, ғылымға арналған ғұмырдың өзара сабақтастығын көрсетсе керек. 


Бөлісу