Негізгі Жаңалықтар Еңбек және соғыс ардагерінің есімі ұлықталды

Еңбек және соғыс ардагерінің есімі ұлықталды

#qyzylordatv 

Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылында қоғам қайраткері, еңбек және соғыс ардагері Жаңабай Азаматовты еске алуға арналған облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. «Ұлылықтан тағылым» атты рухани-танымдық шарада саналы ғұмырын елдің дамуына арнаған атпал азамат туралы естеліктер айтылып, арнау өлеңдер оқылды.  


 Көзкөрген кісілердің сөзінше Жаңабай Шөкенұлы жастайынан еңбекқор, ізденімпаз, жалқаулықтан ада, жаңашылдыққа жаны жақын болған. Қызылорда қаласындағы педагогикалық техникумды үздікке бітірген ауыл баласы алғашқы еңбек жолын «Қызылту» мектебінде мұғалімдіктен бастады. Кейін аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Ал, екін¬ші дүниежүзілік соғыс басталған тұста қолына қару алып, майданға аттанды. 1944 жылы елге аман-есен оралып, туған жерді түлетуге атсалысты. «Қызылту» колхозын басқарып, ауылдың әлеуметтік экономикалық жағдайын, халықтың тұрмыстық ахуалын жақсартуға күш жұмсады. Соның ішінде ауыл шаруашылығына баса ден қойып, 4 мың гектар жерді инженерлік жүйеге келтірді. 


 Шағын ғана ауылды республикаға танытқан Жаңабай Азаматовтың есімі бүгінде ел есінде. 2015 жылы Шіркейлідегі орталық алаңға қоғам қайраткері, еңбек және соғыс ардагерінің аты берілді. Шараға жиналғандар алдымен ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойып, Жаңабай Шөкенұлының рухына тағзым етті.


  «Ұлылықтан тағылым» атты танымдық кеште қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбек жолынан сахналық қойылым көрсетілді. Ел ағалары естелік әңгімелер айтып, Азаматовтың азаматтық, адамгершілік қасиеттері мен іскерлік қырына тоқталды. 


Жаңабай Азаматов отбасына, ұл мен қыздың тәрбиесіне де айрықша көңіл бөлген. Өмірлік жары Әсия екеуі 11 бала тәрбиелеп, ұлағатты ұрпақ өсірді. 


 Еңбек ардагерінің есімін ұлықтауға арналған мүшәйраға қаламын қару, сөзін сауыт еткен 10 ақын қатысты. Талаптың тұлпарын мінген қыз-жігіттер байқау шарты бойынша бірінші бөлімде Жаңабай Шөкенұлына арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде Әсия Наурызбайқызының игі қасиеттерін жырға арқау етті.  


Қазақстан жазушылар одағының облыстағы өкілі, ақын Қаршыға Есімсейітова бастаған қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Ғабит Кәдірбай еншіледі. Ал, екінші орынға Аружан Оралбай ие болса, жүлделі үшінші орынды Жасұлан Серік пен Дина Бөкебай иеленді. 

Бөлісу