«Матьо халық өнері – мажар мәдениетінің мұрасы» атты халықаралық көрме ашылды
#qyzylordatv
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Матьо халық өнері – мажар мәдениетінің мұрасы» атты халықаралық көрме ашылды. Мәдени іс-шараның ұйымдастырылуына Алматы қаласындағы Мажарстан Бас консулдығы мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мұрындық болды.
Бұған дейін Қырғызстан мен Алматы қаласында таныстырылған көрме Сыр өңіріне алғаш рет келіп отыр. Экспозицияға Мажарстанның Мезёкёвешд қаласындағы Матьо халқының кестеленген маталары, ұлттық киімдері мен тұрмыстық бұйымдары, сонымен қатар қарапайым жанұялардың өмірі мен дәстүрін бейнелейтін архивтік фотосуреттер енгізілген. Бұл өнер ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. Көрменің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, қонақтарға облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.
ЖАНМҰРАТ СЕЙІЛОВ – ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазақстан мен Мажарстанды ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи байланыстар, өзара мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар сабақтастырады. Екі ел арасындағы байланыстардың нәтижесінде бүгін екі ел аралық жобалардың негізінде көрме өткізіліп жатыр. Мажарстан елінің революциясының 70 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан шара. Жалпы Матьо халық өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген тарихи мәні бар өнер. Бүгінде сол Мажар елінің елшілігіндегі консулдығы осы шараға арнайы қатысып, өздерінің тілектерін жеткізуде. Бұл іс-шаралар екі ел арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Мұнан бөлек, Матьо музейінің жәдігерлерімен қатар, жеке коллекционерлер доктор Маргит Бота мен халық өнерінің шебері Шандорне Дулаидың қолөнер туындылары да қызылордалықтардың назарына ұсынылды. «Бұл біз үшін бұл көрме – тек мәдениет таныстыру ғана емес, қазақ пен мадьяр халқы арасындағы тарихи достықтың айғағы» дейді Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулдығы Бас консулының орынбасары Чилла Барань.
ЧИЛЛА БАРАНЬ – МАЖАРСТАННЫҢ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАС КОНСУЛДЫҒЫ БАС КОНСУЛЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осындай тамаша көрмені ұйымдастыруға атсалысқан жандарға үлкен алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Мажарстан елінің арасында экономикалық сала да ғана емес, мәдениет саласында да оң қарым-қатынас, ынтымақтастық жалғасып жатқаны көңіл қуантады. Матьо өнері – біздің ұлттық рухымыздың айнасы, ал оны қызылордалық көрермендерге ұсыну біз үшін үлкен мәртебе. Басты мақсат – мажар халқының бай мұрасын осы өңірдің тұрғындарына таныстыру.
Айта кетейік, «Матьо халық өнері – мажар мәдениетінің мұрасы» атты халықаралық көрме 23-ші қазанға дейін көпшілік назарына ұсынылмақ.