Негізгі Жаңалықтар Мерзімді басылым мәселелері қаралды

Мерзімді басылым мәселелері қаралды

#qyzylordatv 

Елімізде мерзімді басылымдарға жазылу науқаны басталды. Осыған орай, өңірге жұмыс сапарымен келген «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ержан Байтілес зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосуда іргелі басылымдардың даму бағыты, ұлттық баспасөздің қоғамдағы рөлі және оқырман қызығушылығын арттыру мәселелері талқыланды.


 Ақпараттық технологиялардың дамыған заманы адамзаттың ақпарат тұтыну әдетін түбегейлі өзгертті. Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатын деңгейге жетті. Соның салдарынан көптеген басылымдар жұмысын тоқтатуға немесе тираж санын күрт азайтуға мәжбүр болды. Тіпті кейбір басылымдар жекешеленіп кетті. «Бұл жас ұрпақтың сауаттылығын төмендетіп, сөйлеу мәдениетіне кері әсерін тигізіп отыр», — дейді жиынға қатысушылар. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да алаңдаушылық білдіріп, «Оқитын ұлт» қалыптастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Ержан Байтілестің айтуынша, зерделі ұлт қалыптастырып, бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін бұл бастаманы қолдау аса қажет.


ЕРЖАН БАЙТІЛЕС – «ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ Бүгінде мерзімді басылымдарға жазылу науқаны басталды. Соған сәйкес, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, еліміздің ақпараттық кеңістігіндегі үлкен орны бар «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» және басқа да серіктестікке қарасты басылымдардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мемлекет басшысы «Оқитын ұлт» деген бастаманы қолға алды. Бұл тек кітапты ғана оқу емес өскелең ұрпақты, халықты мерзімді басылымды оқуға үгіттеу деп түсінеміз. Жалпы газет оқу мәдениеті Қызылорда облысында бұрыннан қалыптасқан. Республикалық басылымдардың негізгі таралымы Қызылорда облысына тиесілі. Сондықтан оқу мәдениеті өсіп-өркендеген өңірдің алдағы уақытта да мерзімді басылымдарға жазылуда көш басында жүреді деген сеніміміз бар. 

Бөлісу