Негізгі Жаңалықтар «Astana Media Week 2026»: Медиа апталық басталды

«Astana Media Week 2026»: Медиа апталық басталды

#qyzylordatv 

Бүгін Астанада Орталық Азиядағы ең ірі медиафорумдардың бірі «Astana Media Week 2026» басталды. Оныншы рет өтіп жатқан жиын журналистердің кәсіби тәжірибе алаңына айналған. Биыл форумға Түркия, Еуропа, Швейцария, Әзербайжан, Қырғызстан және Қытайдан келген медиа жетекшілер мен технологтар қатысуда. 


 Болашақта телеарналар, интернет басылымдары мен газеттер арасындағы айырмашылық біртіндеп жойылып, ақпарат тарату ісі біртұтас жүйеге бірігуі мүмкін. Бұл туралы форумда Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов айтты.Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект редакциялардың қалыптасқан жұмыс тәртібін өзгертіп жатыр. Алдағы уақытта телеарналар, интернет басылымдары мен газеттер бөлек жұмыс істемей, материалдарды ортақ жүйеде әзірлеп, түрлі арналар арқылы таратуы мүмкін. Сонымен қатар бірінші вице-министр технологиялар мен ақпарат тарату тәсілдері өзгергенімен, аудитория сенімін сақтау, редакциялардың жауапкершілігі және кәсіби талаптарды ұстану маңызды болып қала беретінін атап өтті.

Соңғы жылдары медиа нарықтағы басты өзгеріс – салаға ЖИ технологияларының қарқынды енуі. Мәселен, «Media. Human. AI. 10 жылдағы трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы» тақырыбындағы пленарлық сессияда сарапшылар ЖИ құралдарының журналистикаға әкелген өзгерістерін саралады. Сарапшылардың пікірінше, енді ЖИ тек мәтін немесе видео генерациясы ғана емес, медиа аналитика, ақпараттық қауіпсіздік, көрермен талғамын болжау сияқты жаңа бағыттарда қолданылуда. Ал, Euronews өкілдері өз тәжірибесінде ЖИ арқылы контентті бейімдеу жүйесін енгізгенін айтты. Бір сөзбен айтқанда медиа апталықта жаңа технологиялар, сенім мен жауапкершілік, ұлттық идеология және цифрлық трансформация тоғысып отыр. Медиафорум 3 күнге жалғасады. Ауқымды жиын аясында 6 панельдік сессия, 6 шеберлік сағаты жоспарланған. Барлығы 50-ден астам спикер сөз сөйлеп, тәжірибелерін ортаға салады.


Бөлісу