Негізгі Жаңалықтар Қызылордалық журналистер халықаралық турнирде бақ сынады

Қызылордалық журналистер халықаралық турнирде бақ сынады

#qyzylordatv 

Қызылордалық журналистерден құралған «Ақмешіт» командасы КСРО және Гүржістан тарихындағы ең танымал, аңызға айналған спорт комментаторы Котэ Махарадзенің 100 жылдығына арналған халықаралық турнирде бақ сынады. 


 Котэ Махарадзе - мәдениет пен театр өнерінің де биік шыңына шыққан бірегей тұлға. Оның жарқын дауысы, ерекше грузиндік акценті, сондай-ақ футболды терең түсінуі КСРО-ның миллиондаған жанкүйерлерін теледидар алдына жіпсіз байлаған. Ол спорттық репортаждарын 1957 жылы бастады. Өзі де жас кезінде баскетболмен айналысып, Тбилисидің «Динамо» құрамында республика чемпионы болғандықтан, спорттың ішкі табиғатын жақсы білді.

    Аты аңызға айналған тұлғаның құрметіне Грузияда өткен аладоп бәсекесіне Қазақстан, Түркия, Армения, Украина, Румыния, Израиль, Египет және жарыс қожайындары Грузия командасы қатысты. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған «Ақмешіттің» аяқдопшылары Румыния командасын 5:0 есебімен жеңді. Ал, грузиялықтармен тең түсіп, бір ұпай еншілегенімен, топтық кезеңнің соңғы ойынында армениялық футболшыларға есе жіберді. Осылайша қызылордалық қаламгерлер жарыс жолын аяқтап, жалпы ойын қорытындысы бойынша 8 команданың арасында бесінші орынға тұрақтады. 

Бөлісу