Облыс орталығында концерт жүргізушілері байқауы мәресіне жетті. Қатысушыларға қойылған басты талап – сырт-сымбаты сахнамен үйлесім тауып, сөйлеу мәдениеті жоғары, дауыс ырғағы анық болуы керек. 22 үміткер бақ сынаған сайыста мектеп оқушысы Бақыт Назерке топ жарды.

Сайысқа қатысушылардың арасында сахнаны айтарлықтай меңгеріп қалған студенттер де, болашағынан үміт күттіретін талапты оқушылар да болды. Әр қатысушы қазылар алқасы мен көрерменді өзіндік қабілетімен тәнті етуге тырысып, 3 кезеңде өнер көрсетті. Алдымен видеовизитка ұсынып, одан соң туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыбында ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінді оқыды. Сайыстың үшінші кезеңінде қатысушылар өз қалауы бойынша елімізде тойланатын мерекелердің бірінің сценарийін дайындап, жүргізді.

АЗАТ ЖҰМАТАЙ- САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Мен мектеп қабырғасынан мектепшілік шараларды жүргізіп, сайыста бағымды сынағым келді. Менің бұл сайыстағы қатысқандағы басты мақсатым- Сыр еліміздің басты бір өнерлі жұлдыздарының арасында өзімді көргім келеді.

НҰРСҰЛТАН ИКРАМ- САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Маған көрермен алдында өнер көрсеткен ұнайды. Осындай байқаулар арқасында мен өзімнің жаңа қырларымды ашқым келеді. Сайыстың екінші кезеңінде Адырбек Сопыбековтың шығармасынан үзінді оқыдым. Барлығына ұнады деген ойдамын.

Сайыс нәтижесінде бас жүлдені – қызылордалық жас талант, 9 сынып оқушысы Бақыт Назерке қанжығасына байлады. Үздік деп танылған байқау жеңімпаздары Нұрсұлтан Икрам, Азат Жұматай, Дидар Өмірзақ, Мүтәліп Айжігітұлының есімдері де енді облыс көлеміндегі мәдени- көпшілік іс –шараларда таныла бастайды.

ОРЫНКҮЛ БҰРХАНОВА- ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ПРОДЮСЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ РЕЖИССЕРІ Енді шынын айту керек, концерт жүргізушілерді дайындайтын арнайы мектеп жоқ біздің республикамызда. Көбіне ол, Жүргенов атындағы академияда актерлік шеберлікті оқытады, сахна тілін оқытады. Ал бірақ, осындай концерт жүргізетін мамандарды дайындайтын бір оқу орны ашылса деген тілегім бар...

«Маржан сөз, қоңыр үн» атты байқаудан түйгеніміз өңірде сөздік қоры мол, тіл байлығы зор жастардың жаңа толқыны қалыптасып келеді.