Сыр өңірінде қазақ күресінен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының жүлдесіне арналған «Ұлттық қауіпсіздік барысы» республикалық турнирі басталды. Еліміз бойынша алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа арнаулы мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардан 9 команда қатысып жатыр. Спорттық шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.

Бозкілемдегі белдесуге еліміздің ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара қызметі, мемлекеттік күзет командасы және ішкі істер, төтенше жағдайлар министрлігінен барлығы елуге жуық спортшы қатысуда. Балуандар бес салмақ дәрежесі бойынша күресіп жатыр. Жеңген команда келесі кезеңге өтеді. Командалық сайыстан кейін түйе балуандар бәсекесі болады. Ауыр салмақтағы спортшылар арасында жеңіске жеткен «Ұлттық қауіпсіздік барысы» арнайы белбеуге ие болады.