Ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова 65 жаста. Қаламгердің мерейтойына орай қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Сырдың нәзік гүлімін» атты кездесу кешін өткізді.

Қаршыға Құрмашқызы қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар қуатты қалам иесі. Ол табиғатпен тілдескен, сұлулықпен үндескен лирик ақын. Жүрек жырлары сыршыл сезімге, мөлдір махаббатқа құрылады. Қаршыға Есімсейітованың өзге ақындарға ұқсамайтын қасиеті аз жазады, деседе сөздері саф алтындай салмақты. Сонысымен құнды, сонысымен оқырман жүрегінен жол таба біледі.

Қаламгердің «Ұмытпа мені», «Менің әлемім», «Боз даланың үні», «Аңсаған атамекенім», «Қарлығаш» деп аталатын өлеңдер мен әңгімелер жинағы жарыққа шыққан. Қалалық кітапханада ақынның мерейтойына орай кітап көрмесі ұйымдастырылып, туындылары оқырман назарына ұсынылуда.

Қаршыға Құрмашқызының ақындығы бір төбе, ол білікті журналист. Алғаш еңбек жолын Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде бастаған ол «Қазақстан пионері» газетінде, «Қазақстан мектебі» журналында, Қазақ радиосында және «Қызылорда» телеарнасында жұмыс істеді. Туған жердің тарихы мен әдебиеті, танымал тұлғалар туралы дайындаған деректі фильмдері мен бағдарламалары телеарнаның алтын қорында сақтаулы.

Шарада кітапхана жанындағы үйірме мүшелері ақын өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ Қаршыға Есімсейітованың сөзіне жазылған әндер шырқалып, оқырмандар қаламгердің шығармашылық әлеміне саяхат жасады.