Балалардың мерейлі мерекесіне орай Қазалы ауданында да мазмұнды шара ұйымдастырылды. Думанды кеште жеткіншектер ертегілер еліне саяхат жасап, өнерлерін ортаға салды. Балаларға базарлығы мол мерекенің қызығы турасында әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.
Ұлттық нақыш, боямасыз бейне, қазақы құндылықты дәріптеген ұл-қыздар. Теміржол паркіне жиылған жастарды көргенде көзге оттай басылары осы көрініс. Жүздері бал-бұл жайнаған жеткіншектердің жетістігі жетерлік. Бәрі де өнерге бейіл. Бағамдасақ, бұл тәуелсіздіктің тәтті жемісі. Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов пен мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш бастаған құрметті қонақтар балалардың шығармашылығын оң бағалап, ел үмітін ақтайтын азамат болып өсулеріне тілектестік білдірді.
Айғаным Орысбай жас та болса ұлттық құндылықты құнттап жүрген өнерлі өрен. Бүгінде оның қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар мен сәнді сөмкелерге сұраныс жоғары. Озат оқушы көз майын тауысып жасаған әрбір бұйымын қазақтың ой-өрнектерімен әдіптегенді қош көреді. Ол ұстазы екеуі балаларға базарлық ретінде біршама кәдесыйды ел назарына ұсынып, қатарластарына үлгі көрсетті.
Бір уақытта, бір мақсатқа, бір арманға топтасқан қазалылық бүлдіршіндер әр қырынан танылуға тырысты. Әсіресе осы қазақы құндылықты құнттағандары көңілге демеу. Шыны керек, қазір балалар түгілі ересектердің өзі телефонға телмірген кезең. Осы ретте дала иісін сездіріп, жат қылықтан бездіретін ұлттық ойындардың орны ерек. Балалар бұл күні асықтың сақасын шиіре атып, қас қарайғанға дейін қызыққа батты.
Жас өскіндердің бүгін түзу қалыптасуы – ел ертеңінің кепілі. Сондықтан балаларға жұмсалған қаражат ең қайтарымды инвестиция көзі. Осы ретте биыл Қазалы ауданы әкімдігінің бастамасымен оқушылар жазғы маусымды тиімді өткізулеріне айрықша маңыз беріліп отыр. Ал, айтулы күні дала сахнасында түрлі көріністер қойылып, өнерлі өрендер ән шырқады.