#qyzylordatv
Қорқыт ата мемориалды музейінің бастамасымен жыл сайын жазғы маусымда оқушыларды тарихи орындармен таныстыру бастамасы жүзеге асырылып келеді. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып жеткіншектер Қорқыт баба мұражайы мен Марал Ишан кесенесіне барып қайтты.
Тарихи орындарға саяхат бүкіл түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт ата мемориалды кешенінен басталды. Қорқыт - Сыр бойында өмір сүрген ежелгі Оғыз тайпаларының ұзаны. Киелі орын ерекше сәулетімен алыстан менмұндалап тұрады. Мұндағы мұражай қорында археология, этнография, музыка өнері мен әдеби мұраға қатысты көптеген құнды жәдігер сақталған. Өскелең ұрпаққа осындай құнды мұраларды көрсетуді көздеген жобаның маңызы зор, дейді ұйымдастырушылар.
Мұнан кейін, оқушылар Марал баба кесенесіне аялдады. Бөлек болмыс иесі Торғай топырағында дүниеге келген. Хан Кене бастаған әскер ұлт-азаттық көтерілісте жеңіліске ұшырағаннан кейін Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына табан тіреген. Тарихи деректерде Хан мен Ишанның туыстық қатынасы туралы түрлі нұсқа айтылады. Дегенмен өлкетанушылардың дені Марал баба Кенесарының бөлесі әрі сенімді серігі болған дейді. Ол қайраткерлік қырымен қатар, Бұқарада алған жоғарғы діни білімін шәкірт баулуға жұмсап, ахун-ғалымдар тәрбиелеген.
Алдағы уақытта оқушыларды орта ғасырлық Жанкент қаласына апарып, аспан астындағы мұражаймен таныстыру жоспарланып отыр.