Мәдениеттен ақпар. Облыс орталығында еңбек ардагерлері арасында ән байқауы өтті. Өнер сайысында жүзінен әр таймаған әжелер мен қазыналы қариялар жанды дауыста ән шырқап, ұрпаққа ұлағат ұялатты. Тақырыпты тілшіміз сабақтайды.

Осыған дейін Сыр өңірінде батагөй қариялар мен әні әдемі әжелер сайысы ұйымдастырылған болатын. Ал, жеке ән орындау байқауы алғаш рет өткізіліп отыр. Сондықтан ардагерлер үлкен қызығушылық танытып, облыс орталығымен қатар, өңірдің барлық аудандарынан қатысушылар келді. Олар алдымен жергілікті сазгерлердің шығармаларын шырқаса, екінші кезеңде халық әндерін жанды дауыста орындады.

Бүгінде Сыр өңірінде 80 мыңнан астам еңбек ардагері бар. Шыны керек, кезінде түрлі салада еңбек еткен жандар қоғаммен етене болуды құп көреді. Сондықтан облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Әдемі қартаюдың берік үлгісін көрсетіп жүрген жандар бұл жолы өрелі өнерден де құр алақан емес екендіктерін көрсетті.

Салмақты сайыста Рамазан Тайманов, Күлән Қалымбетова, Сәбит Ұлықпанұлы секілді елімізге белгілі өнер өкілдері төрелік етті. Ардагерлердің бірі-бірінен кемі жоқ. Сондықтан қара қылды қақ жарып, шешім шығару оңай болған жоқ. Дегенмен, қазылар алқасының ұйғарымымен қазалылық Шәмшагүл Захар мен Шиеліден келген Рахия Қожахметова жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.

Байқау жеңімпаздарына алғыс хат және қаржылай сыйлықтар табысталып, ардагерлер қуанышпен тарқасты.