Облыс әкімі ардагерлерді мерекемен құттықтады
#qyzylordatv
Облыс әкімі қаладағы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, ардагерлерді Халықаралық қарттар күнін мерекесімен құттықтады.
Бүгінде аймақта 90 мыңға жуық зейнеткер болса, олардың 2 мыңнан астамы арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Соның ішінде 180-ге жуығы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тұрады. Түрлі тағдыр иелеріне орталықта жайлы жағдай жасалған. Егде жастағы кісілер мен мүгедектігі бар азаматтарға тұрмыстық, медициналық, психологиялық қызметтер көрсетіледі. Облыс әкімі орталықтың жұмысымен танысып, ардагерлермен кездесті. Қазыналы қарияларды мерекемен құттықтап, сый-құрмет жасады.
Мұнда қариялар қол қусырып қарап отырмайды. Бірі қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысса, өнерлі ата-әжелер сахналық қойылым көрсетіп, ән шырқайды. Кітап оқып, дойды, шахмат ойнайды. Қаладағы көрікті және тарихи жерлерді аралап, шаһар тынысымен де танысуға мүмкіндік жасалған.