Қырық жылға жуық ғұмырын білім саласына арнаған жан. Ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Рыскүл Жорабекова зейнетке шықса да ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді.
Рыскүл Жорабекова 1954 жылы Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Қызылордадағы Гоголь атындағы институттың филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын меңгереді. Еңбек жолын 1975 жыл Сунақ ата ауылындағы №166 орта мектептен бастап, 1978 жылы Төребай би елді мекеніндегі №199 орта мектепке ауысады. Осы білім ордасында 37 жыл ұстаздық еткен жанның қалдырған қолтаңбасы ерек.
«Майталман маман мектеп қабырғасында оқытудың әдіс-тәсілдерін терең меңгеріп, сабақтың сапалық мазмұнын арттыратын» дейді әріптестері. Шәкірттері пәндік олимпиададан талай мәрте олжа салды. Елдің баласын тәрбиелеумен қатар, ұл-қыздарын да ұлағатты етіп, еңбекке баулыды. Рыскүл Жорабекова білікті маман ғана емес, ағайын туыстың ортасында сыйлы, төрт перзентінен өрген немерелерінің қызығына бөленіп отырған ақ жаулықты әже.
Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған білікті маман қоғамдық өмірден қол үзген жоқ. Аудандағы білім беру ұйымының қамқоршылық кеңес мүшесі, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы жұмыстарын абыроймен атқарып жүр.