Кинолог төртаяқтылар емтихан тапсырып жатыр. Ережеге сәйкес, құтқарушылар иісшіл серігімен бірге үш күн бойы берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауы тиіс. Яғни, табиғи ортада, қираған ғимаратта, сондай-ақ, таулы аймақта жасырынған жарылғыш затты, есірткі мен қаруды және адамның денесін дәл табуы қажет. Шеберлігімен көзге түскендер Төтенше жағдайлар министрлігі жедел құтқару жасағының кинологиялық есебіне алынып, сертификатталмақ.

 Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагерінің ауласында ұйымдастырылған шараға республиканың түкпір-түкпірінен ең мықты деген 29 кинолог-маман мен қызметтік иттер келген. Иіс сезгіш төртаяқтының көбі неміс овчаркасы. Себебі, олар өте белсенді әрі үйретуге оңай. Бастысы қызмет барысында қоршаған ортаға қауіпсіз. Күшік кезінен ойнатып, көңіл бөлсе, айтқаныңды бұлжытпай орындауға дайын тұрады. Сайыстың ашылу салтанатында төрешілер орындалу керек тапсырманы түсіндіріп өтті. Мұнан кейін, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев кинология қызметінің маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 РУСЛАН ҚАЙРАҚБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ // Жеті қазынаның бірі саналатын ит – адамның ақыл досы, қызметте жолдасы. Иттің иіс сезу қабілеті адамға қарағанда он мың есе артық, ал есту қабілеті 10 есе жоғары екенін ескерсек, иттердің құтқару операцияларына көмегі ұшан теңіз. Өздеріңізге белгілі, 2023 жылы көршілес Түркия елінде орын алған жер сілкінісі салдарынан қаншама адам қираған үйінділерде қалып қойды. Осы тұста көмек қолын созып елімізден аттанған құтқарушылардың оның ішінде кинологиялық қызметтік иттердің нетижелі жұмысы есімізде. Әр құтқарылған адам біздің еңбегіміздің жемісі. Олай болса барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.

 Үш кезеңнен тұратын сайыстың алғашқысында төрешілер қызметтік иттің ептілігі мен тіл алғыш қасиетін сынады. Кинолог мамандар серігімен бірге түрлі кедергілерден өтіп, қызмет барысында қолданатын өздерінің айла-тәсілдерін көрсетті. Олардың ішінен немістің овчаркасынан бөлек, белгиялық гриффон, канадалық лабрадор-ретривер, испаниялық спаниель мен жапондық сангвиник тұқымдас иттерді кездестіруге болады. Қатысушылар итті жетелеп жүру үшін қарғыбау жасап алыпты.

 Сайыс жолына алғашқылардың бірі болып шыққан республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Дамир Гизатулин сенімді серігі Лиганың қырағылығы мен тіл алғыш қасиетінің арқасында үздік нәтиже көрсетіп, төрешілердің оң бағасын алды. Иесінің айтуынша, алты жастағы неміс овчаркасының көмегімен көптеген құтқару шараларын сәтті аяқтапты.

 ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Лига апорт.(жүгіріп барып тісімен тістеп алып келеді). Лига есімді мына төртаяқты құтқарушы күшік кезінен көптеген нұсқауларға үйреніп, адамдарды әртүрлі қауіптерден құтқарып келеді. Иесінің айтуынша, бұл үйретілген иттердің арасындағы ең үздігі. Бұл ит соңғы рет Түркия елінде орын алған жер сілкінісі кезінде үйіндінің астында қалған 3 адамның денесін тапқан.

ДАМИР ГИЗАТУЛИН – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЕДЕЛ-ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ ҚҰТҚАРУШЫСЫ //аударма: Серігім әрі досым Лига жедел-құтқару жасағында қызмет етіп келе жатқанына бес жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығында талай мәрте түрлі қиын құтқару шараларына қатысты. Тауға да, тасқа да шықтық екеуміз. Оның ішінде Ауғанстанға да бардық. Былтыр Түркияда болған жер сілкісіне де еріп барды. Ол кезде шынымен иіс сезгіш иттердің көмегі көп тиді. Соның арқасында үйіндінің астында қалған адамдарды іздеп таптық. Бұл иттерге негізі өзіңе қарағандай қарау керек. Тамағын, суын уақытылы беріп отыру керек. Медициналық тексерістерден де өтіп тұруы маңызды. Ал, қазір алғашқы сынақтан мені жерге қаратпай, жақсы нәтиже көрсетті. Ризамын.

 Ал, Арлан атты иттің қызметке кіріскеніне көп болмаса да, емтихан тапсыру кезінде ақылдылығымен көзге түсті. Бұл төрт аяқты құтқарушы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының маманы Базарбай Хамитовтың сенімді серігі. Неміс овчаркасын көбіне таулы аймақтағы құтқару шарасына қатыстырады екен.

 Сайысқа қатысушылар мұнан бөлек, техногенді және табиғи апаттар жағдайындағы іздестіру сынағынан өтпек. Айта кетейік, биылдың өзінде еліміз бойынша төтенше жағдай кезінде құтқарушы иттердің көмегімен 18 адам құтқарылған.