Кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздықты азайту, төртінші деңгейлі бюджеттің орындалуын қамтамасыз етіп, салық түсімін арттыру ауыл әкімдеріне жүктелетін негізгі міндеттер. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін әкімдердің біліктілігін арттыру керек. Өңірде осы мақсатта ауыл әкімдерінің форумы ұйымдастырылды.
Ауылды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Осы бағытта елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл - Ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асуда. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған байыпты бастама.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ
Елді мекендердің әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл ел бесігі» жобасы асында облыста тірек және спутник елді мекендер айқындалды. Жоба жүзеге асқан бес жыл ішінде құны 31 млрд 200 млн тг асатын 435 жоба жүзеге асырылды.
Облыста соңғы жылдары ауылды дамытуға айрықша басымдық берілуде. Мәселен, бүгінде 29 елді мекен көгілдір отынның игілігін көріп отыр, ал халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 98,6 пайызға жетті. Мұнан бөлек, тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту, жол қатынасын жақсарту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асуда. Әрине, бұл жұмыстарды іске асыру ауыл әкімдеріне тікелей қатысты. Яғни, әкімдерге қойылатын талап қатаң, жүктелетін міндет салмақты, жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан «Аманат» партиясының хатшысы барлық деңгейдегі әкімдермен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
ЕРЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ
Төртінші деңгейлі бюджет дейміз, салық кодексі, бюджет, құрылыс кодексіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Соның бәрін ауыл әкімдері біле бермейді. Билікке келді, халық оған сенім білдірді енді әрі қарай жұмыс жасау керекқой.
Форумда Сырдария ауданы, Бесарық ауылдық округінің әкімі Дәулет Сәрсенбаев партиялық жобалар мен мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бесарықта биылдың өзінде мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 46 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Ал, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 62,7 млн. теңгенің 6 жобасы қаржыландырылды.
Жиында аймақ басшысы «әкім жергілікті деңгейдегі мемлекеттік саясатты жүргізуші. Оның қызметі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, елді мекеннің әлеуметтік экономикалық даму қарқынымен бағаланады. Сондықтан ауыл әкімдері халықпен етене жұмыс істеп, көпшілікпен бірге болу керек»,-деді. Форум соңында өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген аудан әкімдері мен түрлі сала үздіктері Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.