#qyzylordatv
Жаңа оқу жылы қарсаңында қаладағы «Арай» мөлтек ауданында 1500 орындық «Келешек мектебі» ел игілігіне берілді. Жаңа нысанның ашылуына оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және еліміздің Сенат, Мәжіліс депутаттары қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
«Арай» ықшам ауданының тұрғындары мектеп құрылысының аяқталуын асыға күтті. Себебі, бұл мөлтек ауданда бұған дейін білім ошағы болған жоқ. Балалар басқа шағын аудандардағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болатын. Енді, міне, жаңа да жайлы ғимарат пайдалануға берілді.
АЙНАГҮЛ АХМЕТОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ // Қуаныштымыз. Балдарымызды әр мектепке тасып, автобустан қалып жүретін едік... Осындай мектеп салып бергендеріне рахмет. 15-мектепте қызым оқыды өзімнің, енді екі немерем келіп жатыр. Біреуі бесінші класс, екіншісі үшінші класс//
Жаңа оқу жылында бұл мектепте 2200 бала білім алады. Оның 100-ден астамы мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. Енді олар білім нәрімен сусындап, ұстаздарынан тәлім мен тәрбие алатын болады. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі қатысып, бүлдіршіндерге жарқын болашақ тіледі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдің білім саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар маманды марапаттап, мектеп құрылысын мерзімінде аяқтауға атсалысқан құрылысшыларға құрмет көрсетті.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биыл облыста 8 мектеп бой көтерді. Енді міне қалада тағы бір білім ошағы ашылды. Оған қоса, 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат салынып, нәтижесінде аймақта үш ауысымдық мектеп мәселесі түбегейлі шешілді. Бұл білім ошақтарындағы орын тапшылығы мәселесін шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
МАҚСАТ КӘРІБАЙ: «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектеп ғимаратында балалар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда 23 сынып-кабинеті, 4 спорт залы, 33 орындық кітапхана мен 370 орындық асхана бар. Робототехника орталықтары да қарастырылған. Мұнда оқушылар екі ауысым бойынша білі алады. Сонымен қатар, түрлі факультативтер мен үйірмелер жұмыс істейді.
Білімді ұрпақ – ел ертеңі. Ал, сапалы тәлім мен тәрбие мұғалімдердің еңбегімен қатар, мектепте жасалған жағдайға да байланысты. Осы ретте Қызылжарма ауылында да тағы бір «Келешек мектебі» бой көтеріп, ел игілігіне табысталмақ.