Өңірдегі құқық қорғау органдарының мамандары, мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік мекеме өкілдері мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін анықтайтын тестілеуден өтпек. Арнайы жүйе бойынша тәртіп сақшылары білімін бағдарлауды бастап кетті.
Мемлекеттік тілде мүдірмеу - уақыт талабы. Шыны керек, бұрын тек «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырған жастарға ғана қазтест жүйесі арқылы білімін бағдарлау міндеттелетін. Ал, соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілер мен әскери сала мамандарына, сондай-ақ, президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерге де осы талап қойыла бастады. Биыл облыс бойынша 600-ге жуық маман диагностикалық және сертификаттық тестілеуден өтпек. Ең алдымен құқық қорғау органдарының мамандары білімін бағдарлауды бастап кетті. Екі апта бойы өтетін сынақ Астана қаласында орналасқан ұлттық тестілеу орталығы мамандарының тікелей бақылауымен жүзеге асырылады.
ЖАНЫГҮЛ ЕРЕКЕШОВА – ОБЛЫСТЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазтест ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған тестілер негізінде әзірленген. Тыңдау, оқу, сөйлеу, жазу, лексикалық және грамматикалық блоктардың әрқайсысы бойынша тестілеуден сәтті өту үшін дұрыс жауаптардың кемінде 60 пайызын жинау керек.