Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев аймақтағы жоғары оқу орындарының оқытушылары және жастармен кездесті.

Ішкі мәдениет - білім мен ғылым, мәдениет пен өнер арқылы дамиды. Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Әр салада батыстың, шығыстың зерттеушілерін оқып, тәжірибе алмасу маңызды. Президент кеңесшісінің кездесудегі келелі пікірінің түпкі мағынасы осыған саяды. Мәлік Нұржанұлы ұстаздардың еңбегіне алғыс білдіріп, жастарға жан-жақты дамудың маңызын түсіндірді. Өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

Бүгінде Сыр елінде 3 жоғары оқу орны студенттерді білімге баулып келеді. Олардың қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, "Болашақ" университеті және "Қызылорда ашық" университеті бар. Кездесу барысында әр жоғары оқу орнының өкілі Президент Жолдауынан туындаған міндеттер бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталды.

 Мәлік Нұржанұлы жастарға қолдау білдіру Президенттің басты назарында екенін жеткізді. Озық ойлы ұлтқа айналу үшін білім мен ғылымның маңызы зор. Осы тұста жас буынның мемлекеттік тілді сауатты меңгеруі мен шет тілдерін үйренуі де елдің дамуына серпін бермек.