Қызылордада айна мен көлік әйнектерін шығаратын зауыт бойы көтермек. Кешен шыны зауытының айналасында салынады. Бұған министрлік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болды. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың аймаққа жұмыс сапарында айтылды. Сондай-ақ, министр өңірдегі өндіріс орындарын аралап, тұрғындармен кездесті.
Бисимбайұлы бастаған делегация Қызылорда қаласына қас қарая жетті. Аймақ басшысы министрді жаңадан ашылған әуежай терминалының жұмысымен таныстырды. Заманауи ғимарат жылына 2 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады. Тиісінше, жүк тасымалының да ағыны артпақ. Ертеңіне министр аймақ тұрғындарымен кездесті. Көпшілік тарапынан шетелдік автокөліктерді заңдастыру, өнеркәсіп орындарының өндірістік қуатын арттыру, тұрғын үй құрылысына қатысты сауалдар жолданды. Сондай-ақ, бірқатар тұрғынды жеке сұрақтар бойынша қабылдады.
АЙЖАН ӨМІРЗАҚОВА – КӘСІПКЕР
Мемлекеттік қолдау аясында біз индустриялды аймақтан 4 гектар жер телімін алдық. Қазір қытайлық серіктестермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Келешекте айна, көлік әйнектерін шығару жоспарланып жатыр. Бұған министрлік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілмек. Жоба құны 5,5 млрд теңге.
Министр соңғы жылдары Сыр өңірінде серпін барын айтты. Әсіресе, өңірдің өндірістік қуаты артқан. Аймақ дамуында оң динамика бар. Сала жетекшісі енді тау-кен өндірісіне инвестиция тартуға екпін берілетінін жеткізді.
ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ - ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ
Қызылорда облысының көрсеткіштері өте жоғары. Мысалы, өнеркәсіптің өсуі, құрылыстың өсуі ең жоғары. Қызылорда облысында тау-кен орындары көп. Қазір біз үлкен компанияларды тартып жатырмыз. Осы инвестиция арқылы. Мысалы, өнеркәсіптің өсуі, құрылыстың өсуі ең жоғары.
Мұнан соң министр мен аймақ басшысы Сырдың сол жағалауынан бой көтеріп жатқан жеті қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы, Сыр өңірінде құрылыс саласында қарқын жоғары. Биыл жыл қорытындысымен 2,5 мыңнан астам пәтер ел игілігіне берілмек.
Сонымен қатар, елді мекендерді ауыз сумен қамту, ағын суларды тазарту, кәріз желісін салу, жылумен қамту барысы баяндалды.
Сапар аясында министр шыны зауытының жұмысын көрді. Өндіріс ошағына 42 млрд. теңге инвестиция тартылды. Зауыт іске қосылған сәттен бастап 28 млн шаршы метр шыны шығарды. Өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, қалғаны экспортқа жөнелтіліп жатыр. Айтып өтетін жайт, биын мұнда энергия үнемдейтін шыны өндіру жобасын іске қосылды.
Ал Жалағаш ауданындағы «Өркен-Әлем» серіктестігі жеке қорғаныс құралдарын және қорғаныш киімдерін шығарады. Бұл еліміздегі бірден-бір кешенді өндіріс ошағы саналады. Мұндағы өнімдерді еліміздің күштік құрылымдары пайдаланып отыр.
Биыл аймақ басшысының бастамасымен жеті ауданда «Руханият орталығының» құрылысы басталды. Жалағаштағы жаңа нысан жуырда пайдалануға берілмек. Жобаның жалпы құны 1,6 млрд теңге. Нысан ашылғанда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары орналасады. Аймақтағы ауқымды жобалармен танысқан Қанат ШАРЛАПАЕВ өңірді өркендетуге министрлік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.