#жастар #жаңалықтар #нақтыақпарат #qyzylordatv
Сырдария ауданында «Өрлеу» жастар сыйлығының иегерлері марапатталды. Іс-шараның мақсаты – өз саласында белсенді еңбек етіп, өзгелерге үлгі боларлықтай жетістіктерге қол жеткізген жастарды ынталандыру. Жалпы бұл ауданда жастардың беделін көтеру, оларға мемлекет тарапынан мейлінше қолдау көрсету шаралары жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның нәтижесінде, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі биыл едәуір төмендеген. Бұл туралы аудан әкімі жастардың дәстүрлі 16-шы форумында айтты.
«Өрлеу» сыйлығы - Сырдария жастарына арналған ең ірі жобалардың бірі. Білімді де өнерлі, еңбекқор әрі белсенді жастарды ынталандырып, қолдау көрсетуді көздеген дәстүрлі шарада ең мықтыларды іріктеу оңайға соққан жоқ. Себебі бүгінде Сырдария ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 11 мыңнан асып жығылады. Яғни, аудан тұрғындарының 30 пайызын белсенді топ өкілдері құрап отыр. Олар қоғамның қай саласында болмасын белсенді түрде еңбек етіп келеді. Мәселен, биыл ауданға қарасты 5 ауылда жастар бригадасы құрылып, олар 60 гектар аумаққа бақша дақылдарын екті. Ала жаздайғы еңбектің жемісін де көрді. Ал қазіргі таңда аймақ басшысының бастамасымен аудан орталығынан «Руханият» орталығы бой көтеруде. Форумда сөз алған аудан әкімі Берік Сәрменбаев жастар саясатына көрсетілген қолдау туралы айтып, жаңалықтармен бөлісті.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – АУДАН ӘКІМІ
Жастарды әлеуметтендіру мақсатында ауданда республикалық «Тұлға бол» жылжымалы жәрмеңкесі мен «Мүмкіндіктер керуені» ұйымдастырылды. 2 мыңға жуық жас мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы толыққанды мәлімет алды. Нәтижесінде, ауданда жас кәсіпкерлер саны 638-ге дейін артты. Жастарға арнап Тереңөзек кентінің көрікті жерлерінің бірі кіреберіс жеріндегі «Жастар аллеясы» салынуда. Сырдариялық жастар барлық бастамалардың басында жүр. Қай салада болмасын олар белсенді. Жастарымыз мемлекеттік қызмет, білім, мәдениет, спорт және басқа салаларда жетістіктерге жетуде.
Форумның ең мерейлі сәті: медицина, білім, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік сынды салаларда жемісті еңбек етіп жүрген 7 жасқа аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығы мен 100 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.
Марапат биігінен көрінгендердің қатарында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы – Әділет Кенжиев те бар. Жауапкершілігі мол салада еңбек етіп жүргеніне 5 жылға жуықтаған. Ол оқыс жағдай кезінде жылдам шешім қабылдап, табандылық танытуымен көзге түскен.
Сондай-ақ, іс-шара барысында тағы 10 жасқа аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Солардың бірі – Заманбек Аманбеков. Ізденімпаз жас №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ береді. Жас педагог былтыр Астана қаласында өткен «Мұғалім Talks» республикалық кейс-платформасында «Ұстаз – ұлт айнасы» төсбелгісімен марапатталған. Енді міне жыл қорытындысымен алғысқа бөленіп отыр.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі. Сондықтан оларды патриоттық сезімге тәрбиелеп, саналы адам етіп тәрбиелеу маңызды. Осы орайда биыл ауданда жастардың бастамаларын қолдау мен олардың шығармашылығын арттыруға арналған қаржы көлемі 15,2 пайызға артқан. Соның нәтижесінде аудандағы мектептердің жанынан «Жас полицейлер», «Жас құтқарушылар» сыныбы ашылған. Онда оқушылар қоғамдық тәртіптің сақталуы мен төменше жағдай кезінде шұғыл шешім қабылдап, дұрыс әрекет етуге машықтануда.
«Өрлеу» сыйлығын табыстау қолға алынғалы бері ауданда 14 пен 35 жас аралығындағы 170-ке жуық жас осы марапатқа ие болған. Бұл жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыра түспек.
Ал, дәстүрлі форум аудан өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.