Спорттан сүйінші жаңалық. Қарағандыда өткен ересектер мен қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатында жерлесіміз Азамат Бектас алтын олжалады.
Шаршы алаңда 80 келіде өнер көрсеткен сырбойылық былғары қолғап шебері финалда ақтөбелік қарсыласы Дәулет Төлемісовті 4:1 есебімен жеңіп, ел чемпионы атанды.
Ал, қыздар арасында 48 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Ақбота Болат финалда Париж олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайға жол беріп, күміс жүлдені иеленді. Тағы бір қызылордалық бұрымды Ақтілек Орынбасар 54 келіде қоланы қанжығаға байлады.
Осылайша, 20 команда, 200-дей спортшы қатысқан сайыста сырбойылықтар 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдені жеңіп алып, командалық есепте 9-шы орынға тұрақтады.