Бүгін Байқоңыр ғарыш айлағынан “Союз-2.1б” ғарыш кемесі “Ресурс-П” спутнигін алып ұшты. Ұшырылым жергілікті уақытпен 12:45-те болды.

“Ресурс-П” ғарыш аппараты жерді қашықтан дәлдікпен бақылауға арналған құрылғы. Ол табиғи ресурстарды зерттеп, қоршаған ортаның ластануы мен тозуын бақылайды. Сондай-ақ кен орындарын іздеу, мұздықтардың жағдайы мен төтенше жағдайларды бақылау, навигациялық карталарды жасау мен жаңартумен айналысады. Роскосмостың мәліметінше, спутник ұшқаннан кейін шамамен 9,5 минуттан соң зымыранның үшінші сатысынан босап, орбитаға шығарылған. Айта кету керек, бұл Р-7 зымыран топтамасының 2000-шы және Байқоңыр ғарыш айлағындағы биылғы жылдың соңғы ұшырылымы.