Байқоңырда “Союз-2.1б” ғарыш кемесі “Ресурс-П” спутнигін алып ұшты. Ерекшелігі сол, бұл жолы қазақстандықтар ұшырылым барысын киіз үй пішінінде салынған ақ отаудан бақылады. Ғарыш айлағындағы жаңалықтармен осы өңірдегі меншікті тілшіміз Гүлай Ашекова бөліседі.
ГҮЛАЙ АШЕКОВА - ТІЛШІ «Бұл 1957 жылдан бері Р-7 сериялы зымыран топтамасының 2000-шы ұшырылымы. Бұл сериядағы зымырандар бастапқыда құрлықаралық баллистикалық мақсатта қолданылғанымен, ғарышты игеруде маңызды рөл атқарды. Ол алғаш рет жердің жасанды серігін және алғашқы ғарышкерлерді ұшырған. Бұл жолы жерді қашықтан бақылайтын «Ресурс-П» спутнигін алып ұшады».
“Ресурс-П” ғарыш аппараты жерді қашықтан дәлдікпен бақылауға арналған құрылғы. Ол табиғи ресурстарды зерттеп, қоршаған ортаның ластануы мен тозуын бақылайды. Сондай-ақ кен орындарын іздеу, мұздықтардың жағдайы мен төтенше жағдайларды бақылау, навигациялық карталарды жасау мен жаңартумен айналысады. Бұған дейін мұндай құрылғының төртеуі халықаралық ғарыш станциясына жіберілген. Бұл бесінші спутник.
Ұшырылым сәтті жүзеге асты. Ал, қазақстандықтар мұның бәрін киіз үй пішінінде салынған ақ отаудан тамашалады. Бұл үйдің ені 25, биіктігі 10 метр. Сыйымдылығы 400 орынға арналған.
«біз Байқоңырда 30 жылдан бері тұрсақ та, бүгін ұшырылымды алғаш рет көріп тұрмыз. Өте қуаныштымыз. Барлығы өте керемет болды, эмоциямды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оның үстіне қонақтарға арналған мына киіз үйді көріп жатырмыз. Ішіне кіріп көрдік. Барлығы өте керемет».
«мен 93-жылдан бері бірінші рет келіп тұрмын. Осындай сәтті көру бұйырғанына қуаныштымын. Рақмет»
Биыл Байқоңыр ғарыш айлағында 8 ұшырылым сәтті жүзеге асты. Ал 2025 жылға бас-аяғы 9 ұшырылым жоспарланған. Соның бірін қазақстандық «Бәйтерек» кешені іске асырмақ.