Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенаттың қазіргі қызметі мен алдағы жоспарлары туралы мәлімет берілді. Мәулен Әшімбаев үшінші сессия басталғаннан бері Парламенттің 28 заң қабылдағанын, оның бесеуіне депутаттардың бастамашы болғанын жеткізді.
Атап айтқанда, Президент жолдаулары мен тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында тұрғын үй саясатына, білім беру және балалар құқығын қорғауға, білім саласындағы жинақтау жүйесіне, биржа саудасы мен кәсіпкерлікке, сот жүйесін реформалау мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске қатысты заңдар қабылданған. Қазір Парламентте жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, креативті индустрияны қолдау, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөніндегі заң жобалары қаралып жатыр. Бұл – сенаторлардың бастамасымен қолға алынған құжаттар. Спикердің айтуынша, жыл басынан бері Сенатта 50-ге жуық іс-шара өткізілген, сенаторлар Үкіметке 67 депутаттық сауал жолдаған. Сонымен қатар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту аясында 40-тан астам халықаралық кездесу ұйымдастырылған.