Жаңа жыл аймақ тұрғындары үшін толайым табыспен басталды. Өйткені, өңірдегі елді мекендердің көбінде әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп, жұртшылықтың көптен күткен тілеуі орындалуда. Мәселен, Шиелі мен Жаңақорған аудандарында бір күнде бірнеше дәрігерлік амбулатория ашылып, әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға пәтер кілті табысталды.
Жыл жаңарған тұста жаңақорғандық жұртшылықтың қуанышы еселенді. Бір мезетте 124 жанұя су жаңа пәтерге ие болып, баспана бақытына бөленіп отыр. Жапсарлас салынған тұрғын үйлер әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға берілді. Жаңа пәтерлердің әрбірі 3 бөлмелі. Мұнан бөлек, ас үй мен жылыту бөлмесі де бар. Салтанатты рәсімге аймақ басшысы мен бір топ сенатор мен мәжілісмен қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
Майнұр Құдайберген жаңа жылда жайлы баспанаға қол жеткізген жанның бірі. Ол жолдасымен бірге 2013 жылы үй кезегіне тұрыпты. Сабақты ине сәтімен. Жарасымды жанұяның көптен күткен тілеуі жыл басында орындалып, жаңа шаңырақта ұл-қызы асыр салып ойнап жүр.
Тұрғындардың қажеттілігі мен сұранысына сай сапалы медициналық қызмет көрсету уақыт талабы. Осы орайда аймақта былтырдан бері шалғай елді мекендердің шетін мәселесі шешілуде. Жалпы, 2 жылда 27 медициналық нысан салу көзделген. Әбдіғаппар ауылында ашылған дәрігерлік амбулатория соның бірі. Нысан соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған.
Бесарық ауылы аудан орталығынан шалғай орналасқан. Елді мекендегі емдеу нысаны кеңестік кезеңде салыныпты. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар ескі нысанда ем алып келген. Енді жұртшылықтың көптен күткен тілеуі орындалып, заманауи ғимаратқа қол жеткізіп отыр. Жиынға арнайы қатысқан қос палата депутаттары аймақта атқарылып жатқан бастамаларды оң бағалап, тізе қосып тірлік етуге бейіл екендерін жеткізді.