#qyzylordatv

Арақсыз ауыл. Жалағаш ауданындағы Еңбек ауылында үш жылдан бері алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды. Бұл бастаманың жемісі болса керек, елді мекенде соңғы жылдары ұрлық-қарлық, қылмыс атаулы азайған. Батагөй қариясы, өнерлі әжелері, спортты серік еткен жастары бар берекелі ауылдың тынысы туралы келесі бейнематериалда.

 ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Бүгінде облыс бойынша жиырмаға жуық ауылда алкоголь өнімдері сатылмайды. Нәтижесінде бұл елді мекендерде қылмыс деңгейі төмендеп, ауылдың ажары айшықталып, берекесі артқан. Ішімдіктен мүлдем бас тартқан елді мекендердің қатарында біз тұрған Еңбек ауылы да бар. Жаман әдеттерге тоқтам болған, өзге елдерге үлгі болған ауылдың тыныс-тіршілігімен бірге танысайық \

 Еңбек ауылында үш жүзден астам шаңырақ түтін түтетіп отыр. Халықтың негізгі кәсібі – мал және егін шаруашылығы. Еңбектің ес білген баласынан еңкейген қартына дейін еңбекқор. Ауласын абаттандырып, айналаны жасыл желекке бөлеген. Қазыналы қариялар - елдің ұйытқысы. Бітер істің басында, игі бастамалардың қасында жүреді. «Арақсыз ауыл» атанайық деп үндеу тастаған да осы кісілер.

  ТІЛЕКТЕС НҰРМАХАНОВ - АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ \Бұл ауылда ішімдік атаулы жоқ. Мен ішкен адамды жек көрем. Ішпейді қазір балдар байқап отырамын. Ол жағынан өзім кепілмін\

ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Еңбек ауылында бес азық-түлік дүкені бар екен. Бір қызығы бұл дүкендердің ешқайсысында алкаголь өнімдері сатылмайды екен. Сөзіміз нақты болу үшін сатушылардан барып сұрап көрейік.....\

 БАЛЗИРА ТОЛЫБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ \рас, сатылмайды ешқандай\

 Барлық дүкенді аралап шықтық. Расымен ішімдік атаулы мүлдем сатылмайды екен. Үлкендердің бастамасын ауыл жастары да қолдап, көрші ауылдың тұрғындарына үлгі көрсетіп жүр.

Еңбек ауылы жыл өткен сайын жаңарып келеді. Шаруашылықтың демеушілігімен көшелер асфальттанып, жарық шамдар орнатылған, ойын және спорт алаңы салынды. Тағы бір айта кетерлігі 21 бейнебақылау камерасы қойылған.

ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Тірлігі өрге басқан, түтіні түзу ұшқан, ішімдіктен мүлдем бас тартқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Байыпты бастамаларды қолға алған берекелі ауылдың бұл тіршілігі өзге ауылдарға үлгі болса дейміз\