#qyzylordatv
Парламент Мәжілісінің депутаттары жазғы демалыс мерзімін пайдаланып, ауыл-аймақтарды аралап жүр. Мақсат – ел игілігі үшін салынып жатқан құрылыс нысандарының барысын бағамдап, көптің көкейін не мазалайтынын білу. Бұл жолы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов жұмыс сапарымен Арал ауданына барып, тұрғындармен кездесті.
Мархабат Жайымбетов алдымен Руханият орталығында болып, қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Жақында ғана ашылған нысанда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, ардагерлер мен аналар үйі бар, сондай-ақ, жастардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған.
Мұнан кейін, мәжіліс депутаты мүгедектігі бар балаларға арналған ауданаралық оңалту орталығында болды. Мұнда тірек-қимыл бұзылысын қалпына келтіруге арналған түрлі құрылғылар, сондай-ақ арнайы тұз шахта мен шунгит бөлмелері бар. Орталықта психолог, логопед, әлеуметтік педагог сынды мамандар қызмет көрсетеді.
Мархабат Жайымбетов Сексеуіл кентіне де барды.«Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан мектептің құрылысымен танысты. Бүгінде білім ошағының құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалған. 300 орындық ғимаратта оқу кабинеттері, спорт залы, асханасы бар.
Ал, Шижаға ауылына барған депутатты тұрғындар асыға күтіп отыр екен. Көпшілік көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, ұсыныстарын айтты.
АМАНЖОЛ ОҢҒАРБАЕВ – АУДАН ӘКІМІ //Бұл неше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Жалғыз осы ауылда емес, бұл барлық ауылда, тіпті қаланың өзінде осындай мәселе болып тұр. Өкінішке орай, аяқ судың тапшылығы болып тұр. Енді бізде дария Аманөткелмен әрі қарай теңізге кетеді. Бер жағындағылар тек жер асты суымен отыр ғой. Осы жерден су шығу қиын болып отыр.//
ШЕРХАН ЕСЖАНОВ – АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ //Кезінде қуаңшылық кезінде де болды бұл мәселе. Сол кезде бюджеттен Өтемұратов қорынан бір скважина қазды осы жерден. Өздеріңіз келісім бердіңіздер. Қазір аудан әкімінің тікелей бақылауында. Құжаттама жұмыстары жүріп жатыр. Алла қаласа жыл көлемінде орындалып қалады.//
Кездесуде Мархабат Жайымбетов көтерілген мәселелерді жедел әрі жүйелі шешілуіне күш салып, назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.