#qyzylordatv

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы сапар барысында Президенттің аграрлық секторға су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді және өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйімен танысты.

Премьер-министр заманауи су үнемдеу технологияларын іске қосқан Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқаптарында болды. Шаруашылықта күріш, күздік бидай және жоңышқа өсіріледі, ал суару үшін суды ұтымды тұтыну жүйелері қолданылады. Олжас Бектенов өңірдің негізгі гидротехникалық нысандарының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Сырдария ауданында орналасқан «Әйтек» су торабының жұмысын тексерді. Су торабы 2004 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілген. «Әйтек» арқылы 13 мың гектар егіс алқабы мен 3 319 гектар көл жүйесі, сондай-ақ 120,8 мың гектар шабындық және жайылымдық жерлер сумен қамтамасыз етіледі.

Премьер-министр Қызылөзек ауылдық округіне қарасты 120 мың гектардан астам аумақтағы көл жүйесі мен жайылымдық жерлерді сумен қамтамасыз ететін Қараөзек арнасына әуеден шолу жасады. Қызылорда су торабын аралау барысында Үкімет басшысына өңірдегі су шаруашылығы жағдайы мен қазіргі қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Қызылорда су торабы 1956 жылы пайдалануға берілген және 120 мың гектар аумақты суаруды қамтамасыз етеді.

Олжас Бектенов суды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту және шаруаларды суарудың заманауи әдістеріне көшуге ынталандыру қажеттігін атап өтті. Жалпы алғанда, Үкімет бұл бағыттағы жұмысты өңірлермен, жауапты министрліктермен және су пайдаланушылармен үйлестіре отырып жалғастыратын болады.

 Премьер-Министрдің Сыр өңіріне жасаған сапары барысынан толығырақ ертеңгі шығарылымда айтатын боламыз.