#qyzylordatv
Адамдарды арбауына түсіріп, тақырға отырғызып кететін алаяқтардың айласында шек болмай тұр. Биылдың өзінде 422 қызылордалық киберқылмыскерлердің құрығына түскен. Ал бұдан сақтанудың жолы қандай? Қауіпсіздікті қалай арттырсақ болады? Тілші бейнематериалы.
Интернет алаяқтар өзін құқық қорғау органы немесе банк қызметкері ретінде таныстырады. Сене қалсаңыз болды лезде қалтаңыздағы қаражатыңызды қағып алады. Сондай-ақ, азаматтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жиі алданады екен. Алаяқтар ашық дереккөзден, фото мен барлық қажет ақпаратқа еш қиындықсыз қол жеткізеді.
Алаяқтар бұған дейін тек қоңырау шалумен шектеліп келсе, енді жасанды интелектінің көмегімен бейнеқоңырау арқылы хабарласатын болған. Айлакерлер технология дамыған сайын көштен қалмай, күн сайын заманауи айла-тәсілдерді қолданып келеді. Қазір дауысты да жасанды интеллект арқылы өзгертіп жатқандар бар.
Ең сорақысы, алаяқтар Фри Файер, Пабджи секілді онлайн видеоойындарда жасөспірімдерді алдауға көшкен. Платформада хабарлама жазып, анаңды жақсы көрсең тосын сый жаса, ойынға қажетті құрал-сайманы мен күшті кейіпкерлері бар аккаунт беремін деп арбайды.
Интернет алаяқтарға 3-тен 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ киберқылмыс шекарадан да асатынын ескерсек, барлығын темір торға тоғыту мүмкін емес. Сондықтан, жеке деректерді жөн-жосықсыз таратпау керек,-дейді мамандар.