#qyzylordatv

Қазалылық диқандар егінге орақ салды. Қызу еңбекті алғаш болып Ақтан батыр ауылындағы шаруа қожалығының егіншілері бастады. Диқандардың ендігі мақсаты ауа райының қолайлы шағында өнімді ысырапсыз жинап алу.

Егіс алқабындағы алғашқы орақ салу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев пен зиялы қауым өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалықтардың жетекшілері қатысып, күзгі науқанға сәттілік тіледі.

Дала күні «Береке» шаруа қожалығының егіс алқабында өтуі бекер емес. Биыл шаруашылық күріш егудің озық үлгісін көрсетіп, әр гектарынан 70 центнерден өнім алуды жоспарлаа отыр.

Биыл аймақ агрономдары үшін оңай болған жоқ. Көктемде ауа райы қолайсыздық танытып, дәнді-дақылдар кеш орналастырылды. Ал жазда кейбір аудандарда су тапшылығы сезіліп, диқан қауымы біраз әбігерге түсті. Дегенмен, шаруалар қиын кезеңде тығырықтан жол тауып, еселі еңбектің арқасында белгіленген межеге қол жеткізіп отыр.

Күрішке орақ салу рәсімі дәстүрлі «Дала күні» шарасына жалғасты. Дала төсіндегі жиында егін шаруашылығына қатысты мәселелер талқыланып, ала жаздай маңдайы күнге, табаны құмға күйген мәртебелі еңбек адамдары марапат төрінен көрінді.

Жиында аудан басшысының міндетін атқарушы егінді мерзімінде және ысырапсыз жинап алу үшін аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне, ауыл әкімдері, шаруашылық басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ал, аудан полицейлеріне егістікке түсіп, бағусыз жүрген малдардың иелеріне айыппұлдар салуды тапсырды.