#qyzylordatv

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 25-ші сессиясы өтті. Онда күн тәртібіне ұсынылған 9 мәселе талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

 Сессияда қаралған алғашқы мәселе облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттер туралы есебі болды. Өңірде 8 айда барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасқан. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 14,7 пайызға артқан. Ал инвестиция тарту былтырғы есепті кезеңнен 9,1 пайызға көбейіп отыр. Облыс әкімі депутаттар алдында атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады.

 Өңірдегі өрелі істер әкімдік пен мәслихаттың бірлесе атқарған жұмысының жемісі. Осы ретте облыс әкімі сенім білдіріп, қай істе де қолдау танытқан халық қалаулыларына алғысын білдірді. Аймақ үшін әлі де өзекті жобалардың көп екенін айтып, жұмыла атқаруға шақырды.

 Депутаттар осыған дейін тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында қаралған мәселелерге қатысты шешімдерді бірауыздан мақұлдады. Айта кетейік, бұл ретте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен полиция департаменті басшысының есебі тыңдалды. Сондай-ақ «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді. Облыстың өңірлік нышаны мен Өңірлік үйлестіру кеңесінің құрамы бекітіліп, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын сайлау туралы шешім толықтырылды. Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі талқыланып, депутаттар жолдаған ұсыныстар ескерілетін болды.