#qyzylordatv
Облыс орталығында бокстан Қазақстанның спорт қайраткері Аманбек Досмайыловты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды. Дүбірлі додаға елімізден және көршілес Өзбекстан мемлекетінен 100-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
Аманбек Досмайылов саналы ғұмырын спорт саласын дамытуға арнаған азамат. Шәкірттері республикалық, халықаралық додаларда топ жарып, аймақ абыройын асқақтатты. Білікті бапкерді еске алу турнирі осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.
Жылдан жылға жарыстың ауқымы кеңейіп, деңгейі көтеріліп келеді. Турнир алғашқы жылы облыс көлемінде ұйымдастырылса, биыл халықаралық дәрежеде өтіп жатыр. Жас спортшылар осындай жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдайды, тәжірибесін толыстырады.
Шаршы алаңдағы бәсекеде боксшылар 11 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салып жатыр. Әзірге іріктеу кезеңінің ойындары өтуде. Айта кету керек, жарысқа Азия, Әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері де қатысуда.