#qyzylordatv
Шаңырақ шаттығын паш еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Осымен он бірінші мәрте ұйымдастырылған сайыста үздік шыққан отбасылар марапат төрінен көрінді. Өскелең ұрпаққа өнегесімен танылған жанұялар ішінде қай әулеттің шоқтығы биік болды екен? Тақырыпты тілшіміз сабақтайды.
Мемлекет басшысы: «Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады. Сондықтан біз бәріміз бір ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек»,- деген болатын. Осы орайда, ұлт болмысын ұлықтауға, жақсы тұрмыс пен тұрақтылықты арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Бақ-береке тұрақтаған үлгілі әулеттің бірі – Сырдариялық Әбсадықовтар отбасы. Жаняұның алып бәйтерегі болған Жақсылық Дүйсенбайұлы адал еңбекті арқау етіп, саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған. Ұзақ жылдар бойы бір шаңырақтың астында берекесін бекемдеген қария жары екеуі алты баланы өмірге әкелді. Қазір Жақсылық ақсақал 29 немере, 49 шөбере сүйіп отыр. «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде дәл осы жанұяның мерейі үстем болып, бас жүлдені жеңіп алды.
Мазмұнды байқауда бірінші орынды Арал ауданынан келген Жақыповтар отбасы еншіледі. Ал, қармақшылық Әбілтаевтар жанұясы екінші орынды иеленсе, үздік үштікті облыс орталығында тұратын Арысбаевтар отбасы түйіндеді.
Салтанатты шарада ақтық кезеңге шыққан өзге жанұялар да түрлі аталым бойынша марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды. Айта кетейік, бәсі биік байқауға биыл өңірден 231 отбасы қатысқан болатын. Соның ішінде 16 отбасы үздік шығып, облыстық кезеңде бақ сынады. Осымен он бірінші мәрте ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына Сыр өңірінен үш мыңнан астам жанұя қатысыпты. Бұл республика бойынша үздік көрсеткіш. Мазмұнды сайыстың облыстық кезеңінде топ жарған Әбсадықовтар отбасы енді Елорда төрінде аймақ атынан сынға түспек.