#qyzylordatv

Биыл тамыз мәслихатында облыс әкімінің грантына Шиелі ауданындағы №47 мектеп-лицейі лайық деп танылып, 34 миллион теңгенің сертификаты табысталған болатын. Үздік мектепте оқу процесі қалай жүріп жатыр? Білім ордасында оқушылар үшін қандай жағдай жасалған? Сюжетке зер салайық.

 №47 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Думан Әбдіәкім білім бәйгелерінде бірнеше мәрте топ жарған өрендердің бірі. Пәндік олимпиадалармен қатар ғылыми жобаларға қатысып, ізденісін арттыра түседі. Бидайдан мал азығына қажетті өнім дайындап, бұл жаңалығын республикаға паш еткен. Сонымен қатар қазір туған өлкесінің экологиялық мәселелеріне ден қойып жүр.

 Думан секілді дарынды шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты жандардың бірі – Фатима Қасқабаева. Шебер ұстаз тарих пәнінен сабақ береді. Еңбек өтілі - 34 жыл. Осы уақыт ішінде талай шәкіртке жол сілтеп, бағыт берген. Білім бағбаны алдына келген баланы бөліп жармайды. Керісінше «әрбір оқушының зейінін ашып, қабілетін шыңдау ұстаздың міндеті» дейді.

 Заманауи талаптарға сай жабдықталған білім ұясы еліміздегі үздік инновациялық мектептердің қатарында. Материалдық техникалық базаға ерекше мән берілген. Әрбір кабинетте оқушылар ғаламтор желісімен еркін жұмыс істей алады. Оқушылар ақпараттық технологияны жетік меңгеріп, сабақ барысында еркін қолданып келеді. Білім алушыларға қойылатын талап – жаңашылдықты жетік меңгере отырып, ұлттық құндылықтардан ажырамай алға қадам басу. Білім алуға құлшынысы ерекше шәкірттер бұл үдеден шығып келеді. Мектептің «Орта білім беретін үздік ұйым» атануы да осының дәлелі болса керек.