#qyzylordatv

Қызылорда қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесі айқындалды. Жаңа қағидалар қоғамдық кеңес отырысында бекітілді. Сондай-ақ 2025-2027 жылдарға арналған қалалық бюджетке енген өзгерістер талқыланды.

Қоғамдық кеңеске қатысқан қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов халықтың талап-тілегін атқарушы билікке жеткізуде қоғамдық кеңестің рөлі зор екендігін атап өтті. Сонымен қатар алқалы жиында қаралған мәселелердің оң шешімін табатынына сенім білдірді. Алдымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы сарапталды. Бұл туралы кеңес мүшесі Эрик Теңізбаев хабарлама жасап, көтерілген мәселелерге байланысты ұсынысын жеткізді. Бірқатар көшелерге тиісті жол белгілерін қою қажеттігі айтылды. Мұнан соң «Қарасора – 2025» арнайы жедел профилактикалық іс-шарасын дайындау және өткізу барысы сөз болды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева желтоқсан оқиғасына қатысып, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға берілетін біржолғы әлеуметтік төлем көлемін көтеруді ұсынса, қоғамдық кеңес мұны бірауыздан мақұлдады. Әрі қарай қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова «2025-2027 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешімге енген өзгерістермен таныстырды.