#qyzylordatv
Спорт әлемінен ақпар. Өткен түнде Испанияның атақты «Реал Мадрид» футбол клубының ойыншылары Алматыға табан тіреді. Хаби Алонсо бастаған жұлдызды аяқдопшыларды жеті түнде қаумалаған жанкүйерлер әуежайдан күтіп алып, олар аялдайтын қонақ үйге дейін шерулетіп барған.
Алматы әуежайының дерегінше, футболшылар 28 қыркүйек күні түнгі сағат 23:58-де «Iberia» әуе компаниясының рейсімен жетті. Ұшақ шамамен жеті мың шақырым жолды артта қалдырып, жеті сағат әуеде болған. Килиан Мбаппе, Джуд Беллингем, Винисиус Джуниор және Тибо Куртуа сияқты әлемдік футбол жұлдыздарының жолын тосқан жанкүйерлер түнжарымға дейін қонақүй маңынан кетпеді. Ал, корольдік клубтың инстаграм желісіндегі ресми парақшасында футболшылардың Алматыға келіп жеткені туралы жазба жарияланып, оған әп сәтте 10 мыңнан астам пікір жазылған. Осыдан-ақ, Алатау бөктеріндегі матчты көпшілік тағатсыздана күткенін аңғаруға болады.
Айта кетейік, ойын 30 қыркүйек сағат 21:45-те Алматының орталық стадионында өтеді. Бүгін-ертең екі клуб ойыншылары көгалда соңғы дайындықтарын пысықтайды.