#qyzylordatv

Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер жұмысқа тек онлайн түрде қабылданады. Осы арқылы адами келеңсіздіктерді азайтып, ашықтықты алға қою көзделіп отыр. Бір сөзбен салаға түбегейлі реформа жасау үшін жаңа заң жобасы әзірленуде. Құжат жыл соңына дейін мәжіліске ұсынылады. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен келген мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай облыс активімен өткен жиында хабарлады.

Мемлекеттік қызметті жетілдіруге байланысты реформалар елімізде өткен жылы қолға алына бастады. Яғни, тиісті агенттіктің бастамасымен бүгінге дейін «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға 12 рет өзгеріс енгізіліп, 45 нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Ендігі жоспар заң талаптарын түбегейлі өзгерту. Өйткені, қазіргі қолданыстағы ережелердің көбі ескірген, дейді сала жетекшісі. Сондықтан президент пәрменімен бекітілген арнайы тұжырымдама аясында жаңа заң жобасы піспектеліп жатыр. Аталмыш құжат елімізде мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін қалыптастыруды көздейді.

ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЙ – ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ //Қазіргі таңда әлемде 2 моделмен жұмыс жасайды. Дамушы мемлекеттердің көбі мансаптық моделде. Екіншісі пизициялық модель. Біз осы екі моделдің қазақстандық гибриттік моделін қалыптастырып жатырмыз. Ол дегеніміз жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке алып келу/

Жаңа құжатта мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа тек онлайн түрде қабылдау көзделген. Яғни, арнайы порталдарға енгізе отырып, іріктеу ашық алаңда жүргізіледі. Бұл жаңашылдық пилоттық режимде осыдан 2 жыл бұрын басталған болатын. Енді тиімді тетікті түбегейлі енгізу жоспарланып отыр. Осындай жаңашылдық айтылған жиында бірқатар жанға агенттіктің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі табысталды.

Осы жиыннан соң әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы болды. Талқы алаңында жаңа заң жобасының өзге де тетіктері таразыланып, бірқатар ұсыныстар айтылды. Аталмыш құжатта мемлекеттік қызметшілер қоғам мүддесін қорғайтын сын сәт туғанда қаймықпай батыл шешім қабылдауға мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған. Бұл көптің көкейінде жүрген мәселе еді. Өйткені, жауапты сала өкілдері бас амандығы үшін заң талаптарының шеңберінен шыға алмай бітер істен айналып өтетін тұстар жиі кездеседі.

Саладағы және бір жаңашылдық. Енді еліміздегі барлық әдеп жөніндегі уәкілдер тілелей мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құрылымына өтеді. Бұл жауапты мамандар жергілікті биліктің қабағына қарамай, әділ шешім қабылдаулары үшін жасалып отқан бірден-бір қадам.

Бүгінде Сыр өңірінде 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейді. Әлі де кейбір салаларда білікті маман қат. Сондықтан аталмыш агенттіктің бастамасымен келер жылдан бастап 200 білім грантын бөлу көзделіп отыр. Жиында мемлекеттік қызметке маман даярлау ісінің жаңаша әдістемелері де талқыға түсті.

Мемлекеттік қызметші - жасанды жүйе емес, адам! Сондықтан, мемлекеттік қызмет - ең алдымен адамгершілікпен әспеттелуі тиіс. Саладағы өзгерістердің өзегі осы. Форум барысында аймақта табанды еңбек етіп жүрген бірнеше мемлекеттік қызметкерге агенттік төрағасы алғыс хат табыстап, елдік мүдде жолында бірлесе еңбек ете беруге шақырды.