#qyzylordatv
Облыстық қоғамдық даму басқармасы 25 қазан – Республика күніне, сондай-ақ «Қазақ» атауының қайтарылуы мен Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай «Этно Quiz» интеллектуалды сайысын ұйымдастырды. Байқауға облыстық басқармалар мен мекемелердің қызметкерлерінен құралған 6 топ қатысты.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткен сайыста қатысушылар 5 кезең бойынша сынға түсті. Туған ел мен өңірдің тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, руханият саласынан қаншалықты хабардар екенін байқатты. Біліммен қатар тапқырлық сыналған сайыста сала мамандары жылдам шешім қабылдап, ұйымшылдық танытты.
ЖАНАР АБИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Бағдарламаға барлығымыз қатысып, бүгінгі таңда бір уақыт ойымызды бөлгіміз келіп жатыр. Осы экономика саласында 28 жыл еңбек етіп келеміз. Бірыңғай есеп-қисап, өңірдің дамуына үлес қосып келе жатырмыз. Ал біздің тарихымызды білу, әдет-ғұрпымызды, басқа да жағдайларды білу және әріптестерге бір-бірімізбен танысу бұл біз үшін өте маңызы зор.
Осылайша кәсіби білікті мамандар қызу жұмыстан бір сәтке қол үзіп, білім бәсекесінде бақ сынады. Өз өнерлерін ортаға салып, көптің қошеметіне бөленді. Интеллектуалдық сайыста ұйымшылдық пен әріптестік байланыс нығая түсті.
ГҮЛСІМ РОМАНҚҰЛОВА – ОБЛЫСТЫҚ ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Бүгінгі сайыста Қызылорда облысының тарихы бойынша, ұлттық құндылықтар, мәдениет бойынша біршама сұрақтар болды. Сұрақтар біз үшін жеңіл және қызықты болды. Бүгінгі сайысқа қатысып отырған біздің топ күнделікті күйбең тіршіліктен біршама демалып, жақсы әсер алып қалдық.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды – облыстық денсаулық сақтау басқармасының “ДенSaulyk елшілері” тобы, ІІ орынды – дін істері басқармасының “РухSTARS” тобы, ІІІ орынды – экономика және қаржы басқармасының «Сыр елі - жыр елі» тобы иеленді. Жеңімпаздар мен қатысушыларға облыстық қоғамдық даму басқармасының алғыс хаты мен сертификаты табысталды.