#qyzylordatv
Арал ауданы, Райым елді мекенінде 17 үйрек пен 38 қасқалдақты аяусыз атқан тұрғын ұсталды. Заңсыз аңшылықпен айналысқан азаматты полиция департаментінің және табиғатты қорғау тобының қызметкерлері қолға түсірген.
Құстарды қынадай қырған күдікті «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталып отыр. Мұнан бөлек, рейд барысында Ішкі істер органдарында тіркеуде жоқ екі дана 16 калибрлі аңшы мылтығы анықталып, қаруды заңсыз алып жүргендерге әкімшілік шара көрілді. Айта кетейік, облыс аумағында 20 қазан мен 19 қараша аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Полиция қызметкерлері аңшылықпен айналысатын азаматтардың атыс қарулары мен тиісті құжаттарының бар-жоғын мұқият тексеріп, құқық бұзушылықтың алдын алуға күш салуда.