#qyzylordatv

 Енді Төретам кенті мен Ақай елді мекенінде қоғамдық қауіпсіздік күшейе түспек. Себебі, республика күні қарсаңында Байқоңыр қаласында жедел басқару орталығы ашылып отыр. Осылайша, аталмыш құрылым арқылы жұлдызды қалашық пен сол маңдағы елді мекендердегі заң бұзушылық деректерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік тумақ.

 Жаңадан ашылған жедел басқару орталығы замануи құрылғылармен жабдықталған. Яғни, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округі аумағына 77 бейнебақылау камерасы орнатылып отыр. Сондай-ақ, 5 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы қойылды. Бір сөзбен, тұрғындардың қауіпсіздігі жіті назарда болмақ.

 Орталықтың ашылу рәсіміне Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин мен облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов арнайы қатысты. Олар жұртшылықты жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, жұлдызды қалашықтың дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа арнайы алғыс хат табыстады.

 Қоғамдық қауіпсіздікті бір орталықтан бақылау – уақыт талабы. Бұл жүйе тиімділігін көрсетіп үлгерді. Мәселен, жыл басынан бері облыс аумағына 1400 бейнебақылау камерасы 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысы орнатылды. Соның нәтижесінде заң бұзушылық деректері біршама азайған.

 Бүгінде өңірдің барлық аудандарында дәл осындай жедел басқару орталықтары жұмыс істеп тұр. Бұл республика бойынша ең үздік көрсеткіш. Енді орталық жұмысын әлі де жетілдіріп, жасанды интеллект игілігін тиімді пайдалану міндеті тұр.