Биыл кеңес әскерінің Таулы Қарабақ жерінен шығарылғанына – 35 жыл. Аталмыш операцияға қатысқан Сыр батырларының ерлігін дәріптеу мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінде оқушылар арасында әскери сайыс ұйымдастырылды.
Әзірбайжан мен Армения мемлекеттерінің арасындағы Таулы Қарабақ аймағы үшін туған кикілжің 1988 жылы үдей түсті. Содан кейін бітімгершілік операциясына Сыр өңірінен 130-ға жуық сарбаз аттанып, өздеріне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындады. Көбі шайқаста ауыр жараланып елге оралған. Жиынға сол жауынгерлік рухы мұқалмаған азаматтар да қатысып, естеліктерімен бөлісті. Ал әскери сайыста қала мектептерінің жоғары сынып оқушыларынан құралған 10-ға жуық команда бақ сынады. Олар саптық жүрістен бастап, автоматты жылдам бөлшектеуге дейінгі маңызды тапсырмаларды орындады.