Қызылордада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында маңызды жобалар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде шаһардағы көшелер кеңейіп, жол сапасы жақсарып келеді. Мәселен, былтыр қала аумағында үш көпір мен «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы автожолдың қалаішілік бөлігі қайта жаңғыртудан өтті. Ал, биыл облыс әкімінің тікелей қолдауымен шет аймақтағы 38 көше жөндеуден өтеді.
Бұған дейін Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы жалпы ұзындығы 2,6 шақырым жылу құбыры «Саяхат» мөлтек ауданы тұрғындарының жүріп-тұруына қиындық тудыратын. Аймақ басшысының тапсырмасымен аталған жылу құбыры полиуретан көбік изоляциясы бар заманауи құбырға ауыстырылып, осыдан үш жыл бұрын жер астына көшірілді. Ал, Назарбаев даңғылынан аспалы көпірге дейінгі аралық төрт жолақты болып кеңейтілді. Сондай-ақ, «Саяхат» мөлтек ауданындағы көшелер асфальтталып, инфрақұрылым желілері қайта жаңғыртудан өтті. Мұнан бөлек, ағаш көшеттері отырғызылып, тұрғындардың жүріп-тұруы айтарлықтай жақсарды.
Аталған жылу желісін жер астына көшіру үшін республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Мамандардың айтуынша, бұл жылу шығындарын азайтуға және тұтынушыларды сапалы жылумен қамтуға оң әсерін тигізуде.
Жалпы, аймақ басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Атап айтар болсақ, өткен жылы осы саладағы жобаларды дамыту мақсатында бюджеттің барлық көздерінен 32,3 млрд теңге қаралды. Оның 9,6 млрд теңгесіне әуежайға апарар жолдағы үш көпір және «Қызылорда-Жезқазған» бағытындағы автожолдың қалаішілік бөлігін құрайтын 2,7 шақырымы қайта жаңғыртудан өтті. Жанқожа батыр көшесі тұсынан темір жолды кесіп өтетін жерасты көпірдің де құрылысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ, қаладағы 27 көше қайта жағыртылып, екі көпір күрделі жөндеуден өтті.
Облыс әкімі шет аймақтағы көшелерге де мән беру керектігін айтқан болатын. Осыған байланысты, өткен жылы 38 көшеге асфальт төселіп, «Эдельвейс» саяжайындағы 3 көшеге қиыршық тастар жайылды. Ал, биыл 35,4 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылмақ. Оның ішінде қала аумағындағы 38 көше мен ауылдық округтердегі 32 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.