Ғылымға 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді, алайда нәтижесін көре алмай отырмыз. Осылай деген Президент ғылымды қаржыландыру ісіне қатаң тәртіп керек екенін және қаражатты басымдықтарға қарай жұмсаған жөн деп ескертті.

Мемлекет басшысы соңғы алты жылда аталған салаға арналған қаржы бірнеше есе ұлғайғайып, 500 млн долларға жеткенін айтқан еді. Салада кемшіліктер жетеді мәселен, ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған, сараптамалар ұзаққа созылады, жобалар уақытылы іске аспайды. Сондықтан Үкіметке аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдау тапсырылды. Тиісті министрлік өкілдері тексерісті көбейттік деп отыр.

Бүгінде Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етеді. Бұл өте үлкен академиялық корпус. Осыны ескерген Мемлекет басшысы ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керек екендігін де баса айтты.